Желтоқсандықтар Қазақстанның асылы Бурабайда
Тәуелсіздік күнінен кейін «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының Президенті Құрманғазы Рахметовтың ұйымдастыруымен, еліміздің түкпір – түкпірінен жиналған 46 желтоқсандық Қатаркөл оңалту және демалу орталығында болып, ем алды. Былтыр 20-дан астам адам демалған көрінеді. Көкшетаудың жоғары жағында орналасқан «Бурабай» ұлттық паркінде 14 көл бар. Соның бірі – Қатаркөл. Оның жағасындағы Қатаркөл шипажайы – Қазақстандағы әйгілі шипажайлардың бірі.
Шипажай жүйке жүйесі, тірек-қимыл аппараты, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесі ауруларын емдеуге маманданған.Сондай-ақ аймақтың табиғи ресурстарын, оның ішінде минералды суды, балшықты және климатты пайдалануға негізделген заманауи әдістер қолданылады. Емдік шараның бірі - ландшафт терапиясы. СПА-терапияның бұл әдісі адам ағзасына табиғат сұлулығы, пейзаж және емдік серуендердің әсер етуі арқылы қолданылады. Таулармен қоршалған қылқан жапырақты ағаштарға тамсанып, саф таза ауамен тыныстап, мүлгіген тыныштықты тамашалау ем-шараның таптырмас түрі. Шипажайда барлық қажетті заттармен жабдықталған жайлы бөлмелер бар. Сонымен қатар асхана, бильярд залы, теннис корты, жаттығу залдары және басқа да нысандар бар.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бері 38 жыл өтті. КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылыққа белсене қатысқан қазақ жастары сотталып, қатал жазаланды. Денсаулықтарынан айрылды. Олардың алды бүгінде зейнет жасында. Сауықтыру,оңалту шаралары ауадай қажет.
«Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қоры мен Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылға арналған бірлескен жоспары аясында «Қатаркөл» шипажайына жолдама беріліп отыр. Нәтижесінде 46 адам ем қабылдап, демалды. Бұл ретте қолдау көрсеткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлына, қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Иманәліұлына, орынбасары Ақмарал Сәбитқызына, басқарма маманы Арман Тоқтамысұлына жылдық жоспар барысында бекітілген іс-шараларды барынша қолдап, қол ұшын бергендері үшін алғысымызды білдіреміз,-дейді Құрманғазы Әбденұлы .
Желтоқсан қаһарманыҚұрманғазы Әбденұлы Рахметов, 1986 жылы ҚазМУ-дың физика факультетіне ( арнаулы физика, ағылшын тілінде) оқуға түседі. Бірақ сол жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ҚазССР Жоғарғы Сотының үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айрылады. Маңғышлақтың, Ақтөбенің, Қызылорданың, Шымкенттің, Жамбылдың түрмелеріне, Қостанайдағы Құсмұрын түрмесіне, соңында Қарағандыдағы түрмеге қамалады. ҚазССР Жоғарғы Сотының Президиумі 2 жылға түсіріп (1988 ж.), Пленумының шешімімен (1990 ж.) толық ақталған. Желтоқсан батыры шипажайға жан жары Розамен бірге келді. Қатаркөл оңалту және демалу орталығының мәдени іс-шаралар бағдарламалары аясында сегіз қырлы, бір сырлы Желтоқсан қаһарманы өнерден де құралақан еместігін көрсетті. Домбыра мен гитарада ойнап, ән салып иықтастарының көңілін көтеріп, сол бір 1986 жылғы желтоқсандағыдай орталарынан табыла білді.
Бірлік бар жерде, тірлік бар. Жұдырықтай жұмылсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Бастысы - еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу. Ол үшін денсаулығымыздың мықты болғаны абзал. Былтыр алғаш рет осы «Қатаркөл» шипажайында 20-дан астам адам ем алса, биыл олардың қатары көбейді. Алдағы уақытта олардың саны артады деген үміттемін. Жалпы жылына 2 мезгіл жазда және қыста келіп ем алса да желтоқсандықтарға артық етпейді. Өйткені Желтоқсан – Тәуелсіздіктің бастауы,-дейді Құрманғазы Әбденұлы.
Демалыстары барысында желтоқсандықтар қысқы мерзімдегі Бурабай шипажай аймағындағы аңыздар мен әңгімелерге арқау болған Оқжетпес, Жұмбақтасқа барып, тарихи жерлерді тамашалады. Өңірге көрік беріп тұрған қарағайлы және қайыңды орманды табиғатта серуендеп, қысқы таза ауамен тыныстады.
Мұндай пайдалы басқосулардың біз үшін маңызы зор. Ем ала жүріп, Тәуелсіз еліміздің тарихи жерлерін де көруге мүмкіндік алдық. Бурабай – табиғаттың нағыз кереметі. Оның тыныштығы мен әсемдігі адамды сергітіп, рухани тыныштық сыйлайды. Бұл мекенді көрген кез келген адам оның сұлулығын ұмытпасы анық. Сондықтан осындай ем алуға мүмкіндік сыйлаған «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қорының Президенті Құрманғазы Рахметовқа барша желтоқсандықтар атынан айтар алғысымыз шексіз, -дейді Семейден келген Тоқтарғазы Сарманов.
#Желтоқсан көтерілісі, #Бурабай, #Қатаркөл , #шипажай