Жол бойына интернет тарататын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылады

Жол бойына интернет тарататын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылады

Еліміздің жолдарында мобильді интернет тарататын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды агенттік  тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап .

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін ауылдарды тіркелген интернетпен қамтуды 44-тен 100 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған. Осыған байланысты 1,2 млн астам адамды қамти отырып, 3 183 ауылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу және 504 елді мекенді спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, республикалық және негізгі облыстық жолдарда ұзындығы 17 мың шақырым болатын 500-ге жуық антенна-діңгек құрылыстарын мобильді интернетпен салу жоспарланды», - деді Әлихан Смайылов жауабында.

Үкімет басшысының дерегінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2019-2022 жылдары 3,5 мың ауылды дамытуға 337,7 млрд теңге бөлініп, 3,6 мыңнан астам жоба іске асырылған.

«Бұл 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын, 1 174 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын және 2,2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы жобаларын жаңғыртуға мүмкіндік берді. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 800 ауылдық елді мекенде 1,8 мың жобаны іске асыруға 198,2 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат бірқатар жобаны, оның ішінде 1 203 көлік инфрақұрылымы жобасын (кентішілік жолдар) іске асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.


#интернет