Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков пен колледж директорлары арасында Конституция жобасына қатысты ашық диалог өтті
Абайоблысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы аясында колледж директорларымен кездесу өтті. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы, коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков жүргізді. Басқосуға өңірлік коалиция мүшелері қатысты. Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен алдағы республикалық референдумның маңызы кеңінен талқыланды.

Шалқар Байбеков бұл кезеңді ел тарихындағы жауапты белес ретінде атап өтті. Алда – республикалық референдум. Бұл – ел тағдыры үшін маңызды сәт. Комиссия жұмысы барысында Конституция мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізу қажеттігі анықталды. Құжат жарты жыл бойы ашық талқылаудан өтті. Он мыңға жуық ұсыныс қаралды, әрбір пікір назарға алынды, – деді төраға.
Ол жаңа редакцияда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар ұстаздардың қоғамдағы рөліне арнайы тоқталды. Ұстаздар – тек білім беруші емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы күш. Қоғамдағы өзгерісті терең түсініп, оны сауатты жеткізе алатын – білім саласының өкілдері. Сондықтан бұл кезеңде сіздердің жауапкершіліктеріңіз айрықша, – деді коалиция жетекшісі.
Жиында коалиция мүшелері сөз сөйледі. Облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева Конституция жобасының қазақ тілінде әзірлену сапасына назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдегі мәтін мазмұндық тұрғыдан жүйеленген, терминологиялық нақтылық сақталған.
Ал Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базенов жобаның преамбуласына тоқталып, онда әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, адам капиталы, білім мен ғылымды дамыту сияқты стратегиялық құндылықтар айқындалғанын айтты. Зайырлы мемлекет қағидатының сақталғанын және тіл мәселесінің нақты бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа даму кезеңінде білім, ғылым және инновация елдің басты басымдығына айналуға тиіс.

Коалиция мүшесі Алмас Атмұқаш Жаңа Ата Заң жобасын тарихи шешім ретінде бағалап, құжатта адами капиталға басымдық берілгенін атап өтті. Ғылым, білім, мәдениет пен инновацияның негізгі құндылықтар ретінде бекітілуі – шикізаттық модельден жасампаз экономикаға көшуге бағытталған жүйелі қадам екенін жеткізді.

Абай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева жаңа жобада адам қадір-қасиетін қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық, цифрлық деректер қауіпсіздігі, сөз бостандығы, зайырлы білім беру ортасын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағыттарының күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, буллинг пен зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру білім беру ұйымдарының маңызды міндеті екенін айтты.

Көлік колледжінің директоры Қаныш Тулеуов қолдау пікірін білдірді. Бүгінгі кездесу мазмұнды әрі өзекті болды. Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары нақты түсіндірілді. Құжатта мемлекеттік басқаруды жетілдірумен қатар, адам капиталына, білім мен ғылымға басымдық берілгені айқын көрінеді. Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келетін маңызды қадам. Білім беру ұйымдары ретінде қоғамға шынайы әрі түсінікті ақпарат жеткізуге дайынбыз. Референдум – әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи сәт, – деді.
Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің директоры Лариса Оралбаева да өз азаматтық ұстанымын жеткізді: Кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Конституция жобасының кең қоғамдық талқылаудан өтуі – азаматтық белсенділіктің көрінісі. Құжатта әлеуметтік саланы дамыту бағыттары нақты айқындалған. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық ұстанымын қалыптастыру – білім беру ұйымдарының басты міндеті. Біздің балаларымыздың ертеңі үшін алдағы референдумда белсенді болайық, – деді.

Жиын соңында референдумға дайындық аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру мәселелері қаралды. Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі
#мәслихат, #Референдум, #Конституциялық реформа