Тоқаев қазақ тілін қолдау қорына жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударды

Тоқаев қазақ тілін қолдау қорына жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдауға арналған QAZAQ TILI Endowment Qory эндаумент-қорына алғашқы болып жеке жарна аударды. Бұл туралы халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжехан мәлімдеді, - деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.

Ұйым басшысының айтуынша, Президенттің жеке қаражаты есебінен қосқан жарнасы - 7 миллион теңге.

"Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ана тілімізге деген адал азаматтық ұстанымы, көрсеткен зор құрметі, жеке үлгісі үшін алғыс білдіреміз!", - деп жазды ол.

"Қазақ тілі" қоғамының президенті 12 қазанда Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынғанын айтты.

Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.

Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.

QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.


#ҚР Президенті, #қазақ тілі, #қолдау қоры