Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Құқық 75 қаралымabaidan.kz

Бала құқығын қорғау- баршаға ортақ міндет

Бала құқығын қорғау- баршаға ортақ міндет

Семейдегі №49 мектепте жасөспірімдердің аутодеструктивті және девиантты мінез-құлқының алдын алуға бағытталған арнайы жиын өтті. Бұл туралы Абай облыстық бала құқығын қорғау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бала – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Сондықтан оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Семей қаласындағы №49 мектепте өткен арнайы жиында кеңінен талқыланды. Жасөспірімдердің аутодеструктивті, девиантты мінез-құлықтарының алдын алу» тақырыбындағы басқосуға қала мектептерінің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық психологиялық орталықтың маманы және педагог-психологтар қатысты.

Бала құқығын қорғау- баршаға ортақ міндет

Жиынды Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Айдын Нұралдинов ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталды. Ол жиынның маңыздылығын атап өтіп, сөзді Семей қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Елдос Оразалинге берді. Елдос Серікбекұлының айтуынша, қаладағы мектептер мен білім беру нысандарында оқушыларға қатысты алаңдатарлық жағдайлар аз емес.

– «Ойыннан от шыққан жағдайлардан» бастап, жоғары сынып оқушылары арасындағы буллинг, балалардың беймезгіл уақытта бақылаусыз жүруі, ұрлыққа бару фактілері жиі орын алады, – деді полиция өкілі.

Оның сөзінше, мұндай жағдайлардың бір себебі – учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі. Бір инспектордың барлық мәселеге бірдей үлгеруі қиын. Сондықтан білім беру нысандары орналасқан аумақтағы мектеп басшыларымен бірлесе жұмыс жүргізудің маңызы зор.Сонымен қатар қылмысқа итермелейтін теріс қылығымен көзге түскен балалардың ата-аналарымен мектеп басшылығының бірлесіп жұмыс жүргізуі де уақыт күттірмейтін мәселе екені айтылды. Бұл ретте балаға қатысты мәселені тек құқық қорғау органдарының немесе мектептің міндеті деп қарауға болмайды. Жасөспірімнің қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ата-ана, педагог, психолог, құқық қорғау органдары және тиісті мемлекеттік құрылымдар ортақ жауапкершілікпен қарауы қажет.

Жиын барысында өңірде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында құрылған жаңа құрылымның жұмысы да таныстырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында Абай облысы әкімінің 2026 жылғы 13 сәуірдегі №64 қаулысымен «Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылған. Осы орайда сөз алған Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының қорғаншылық және қамқорлық бөлімінің басшысы ЖаңылсынАйтчанова жаңа басқарманың қызметімен жиынға қатысушыларды кеңінен таныстырды. Оның айтуынша, басқарманың негізгі бағыттарының бірі – өңірдегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру.

– Басқарманың нақты міндеті – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, балалар құқықтарының бұзылуының алдын алу және оларды ерте анықтауды үйлестіру, сондай-ақ балалардың құқықтары бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды ұйымдастыру, – деді Жаңылсын Айтчанова.

Бөлім басшысы мектеп директорларына бала қауіпсіздігіне қатысты бірнеше мәселеге ерекше назар аударуды ұсынды.

Бірінші кезекте, балаға қатысты тәуекелдерді ерте анықтау қажет. Мәселен, оқушы сабақтан себепсіз қалса, мінез-құлқында күрт өзгеріс байқалса, буллингке немесе зорлық-зомбылыққа қатысты белгілер анықталса, отбасында қиын жағдай орын алса – мұның барлығы назардан тыс қалмауы тиіс.

Бала құқығын қорғау- баршаға ортақ міндет

Екінші мәселе – балаға қатысты ақпаратты жасырмау.Мектептің беделін сақтау мақсатында баланың мәселесін жасырып қалу жағдайдың одан әрі асқынуына алып келуі мүмкін. Сондықтан кез келген күмәнді немесе қауіпті жағдай тиісті деңгейде қаралып, мамандардың көмегіне жүгіну қажет.

Үшіншіден, әрбір жағдай бойынша нақты алгоритм болуы тиіс.

– Қандай да бір балаға қатысты мәселе анықталды ма, алдымен баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, тиісті мамандар мен органдарға хабарланып, жағдай бақылауға алынуы тиіс, – деген ой айтылды жиында.

Төртінші мәселе – формалды жұмыстан бас тарту.

Бөлім басшысы бұл бағытта атқарылған жұмысты тек есеп үшін жазылған қағазбен шектеуге болмайтынын атап өтті.

– «Психологпен сөйлесті», «ата-анасына айтылды», «жиналыс өткізілді» деген жазбалардың өзі нәтиже болып саналмайды, – деді ол.

Яғни ең бастысы – баламен жүргізілген жұмыстың нақты нәтижесі. Оның қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, мәселесінің шешілуіне жағдай жасалуы керек. Жиын барысында педагогтер мен мектеп директорлары тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Мамандар жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажетті жағдайда тиісті қызметтерге жедел хабарлаудың маңыздылығына тоқталды. Балаға қатысты кез келген мәселені дер кезінде анықтау және оның алдын алу – қайғылы жағдайдың болуына жол бермеудің маңызды тетігі. Сондықтан білім беру ұйымдары, ата-аналар, құқық қорғау органдары, психологтар және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік құрылымдар өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Өйткені бала құқығын қорғау – бір мекеменің ғана міндеті емес. Бұл – қоғамның, мемлекеттің және әрбір ересек адамның ортақ жауапкершілігі. Бала өзін қауіпсіз сезінген ортада ғана толыққанды білім алып, дамып, қоғамның белсенді мүшесі бола алады. Ал сол қауіпсіз ортаны қалыптастыру – бүгіннен басталатын ортақ іс.