Абай облысында БАҚ өкілдері баспаналы болды
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі бастаманың ауқымын кеңейту туралы айтқан еді. «Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент тапсырмасы өңірде іске асырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара барысында облыс әкімі Берік Уәли «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ Абай облыстық филиалының жаңалықтар бөлімінің редакторы Ерзат Жанатұлы мен Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Жадыра Мұратбековаға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Екі журналист те көптеген жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Ерзат Жанатұлы 2010 жылдан бері журналистика саласында жүр. Атап айтқанда, жергілікті «ТВК-6» телеарнасында, облыстық «Семей таңы» газетінде, 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметінде қызмет атқарды. Қазіргі таңда «Semei» телеарнасында жұмыс істеп келеді. Жадыра Мұратбекова «ТВК-6» телеарнасында және «Astana aqshamy» газетінде жұмыс істеді. 2023 жылдан бері Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек етіп келеді (2024 жылдың мамыр айынан бастап мекеменің директоры). Аймақ басшысы Президенттің өңір журналистеріне көрсеткен қолдауының маңызын атап өтіп, журналистика қоғам мен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтатын маңызды институт екенін айтты.


«Құрметті журналистер! Сіздер қоғамның шынайы келбетін көрсетіп қана қоймай, ұлттың рухани дамуына, жас ұрпақтың дүниетанымының қалыптасуына, өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Елдің қуанышы мен қиыншылығын қатар бөлісіп, уақыт шежіресін жазып жүрген еңбектеріңіз қашанда жоғары марапатқа лайық. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген қанатты сөзі бар. Қаламдарыңыз ұштала берсін, шығармашылық шабыттарыңыз толастамасын. Әрбір жариялаған ақпараттарыңыз ел бірлігі мен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етсін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі төл мерекеде Президент қолынан «Құрмет» орденін алған «Абай» республикалық әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиеваны құттықтады. Шара барысында өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына сүбелі үлес қосқан БАҚ өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі «ISLAM NURY» газетінің бас редакторы Дәулетқан Тілеубердиев пен «ABAY MEDIA GROUP» ЖШС-нің оператор-фотографы Анатолий Терновқа берілді. Журналистика саласының ардагері Дәметкен Байуақова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ Абай облыстық филиалының дыбыс режиссері-әрлеушісі Ильмира Бекмұхаметова, Үржар аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени») газеті мен «Мақаншы айнасы» газетінің директор-редакторы Зухра Бейсенбек және «Семей таңы» газетінің тілшісі Әйгерім Сәрсенқалиқызы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар БАҚ өкілдері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын иеленді.












#Абай облысы, #мереке, #БАҚ, #баспана, #марапат