«Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында 19 автордың 25 кітабы жарық көрді

«Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында 19 автордың 25 кітабы жарық көрді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай облысы әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған шараға кітап авторлары қатысты.

Кітаптар топтамасы Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының әртүрлі әдеби жанрды қамтитын түрлі тақырыптарының басын біріктіреді. Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Абай облысының Құрметті азаматы» Еспенбетов Арап Сләмұлы жетекшілік етеді.  

Биыл жоба аясында 19 автордың 25 кітабы (барлығы 12 500 дана) жарық көрді. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Абай тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» және «Абай мұрагерлері» атты зерттеу еңбектері, Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат» атты деректі шығармасы және Мырзақасым Әсет Медеуханұлының «Абай елінің әңгімелері», Асан Омаровтың «Абай руханияты» және Бауыржан Ердембековтің «Абай және әдеби орта» еңбектері оқырманға жол тартты.

142 жылдық тарихы бар Абай кітапханасының сирек қорындағы белгілі өлкетанушы Николай Коншиннің өлкемізге қатысты құнды еңбектері мен Мұратбек Кенемолдиннің «Семей – Алаштың қаласы» атты зерттеулер мен мақалалар жинағы оқырман қауым үшін тосын сый болды.  

Ақын, әнші Әсет Найманбайұлының және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ұлы ойшылдың шәкірті әрі іні-досы Көкбай Жанатайұлының және республикамызға аты мәлім, әрі жазба, әрі суырып салма ақындардың бірі Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұралары өз оқырмандарымен қауышты.

Сонымен қатар өлкемізден шыққан ғалымдар Әбдеш Төлеубаевтың «Қазақтардың дәстүрлі наным-сенімдері», Светлана Смағұлованың «Қазақ даласындағы жұттар мен ашаршылықтар», Әбіл-Серік Әліәкбардың «Қалам құдіреті»  атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Абайдың ақын шәкіртерінен бастап, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың таңдамалы өлеңдері, толғаулары, поэма және айтыс үлгілері енген «Жыр жауһарлары» жинағының 3-ші кітабы жарияланды.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Медеу Сәрсекенің, Қайым-мұнар Табеевтің,  Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, Әділғазы Қайырбековтің, Қайырбек Шағырдың шығармалары да жария көрді. Шараға қатысушы қонақтарды аталған кітаптардан жасақталған авторлардың портреттерімен көмкерілген жаңа кітаптар экспозициясы қарсы алды. Жасанды интеллектінің көмегімен жасалған электронды кітапхана қоры ұсынылып, қатысушыларға кітап мазмұны туралы мол ақпарат берілді. Кітапхана сахнасында театр әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына байланысты әдеби-көркем қойылымдарды орындады.

Жалпы 2023 – 2027 жылдары жүзеге асырылатын «Абай жолы» кітапханасы  жобасы аясында 61 атаулы кітап 30 500 данамен жарыққа шықты. 2023 жылы 16 атаулы кітап, 2024 жылы 20 атаулы кітап, ал биыл 25 атаулы кітап Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


#Абай облысы, #Мұхтар Әуезов, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл