Канонерка ауылындағы Мәдениет үйі жөнделеді

Канонерка ауылындағы Мәдениет үйі жөнделеді

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданына жұмыс сапары барысында Канонерка ауылындағы Мәдениет үйінің жағдайымен танысты. 1957 жылы салынған мәдени нысанда 80 орындық концерт залы, кітапхана мен хореографиялық зал бар. Алты адам еңбек етеді.

Қазіргі таңда ғимаратты жөндеу қажеттігі туындап отыр.

Соңғы жылдары шатырынан су аға бастаған. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шатырға күрделі жөндеу жүргізілді. Алайда қайта қалпына келтіру жұмыстары жауын-шашын кезінде жасалып, ғимараттың ішкі бөлігіне зиян келген.

Нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіп, еден, терезелерді ауыстыру, жылу, су жүйелерін жаңарту, электр желісін қалпына келтіру үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық Мәдениет басқармасына ұсынылған.

Облыс әкімі ауылдағы мәдениет ошақтарының халық өміріндегі маңызына тоқталып, олардың жағдайын жақсартуға, әсіресе жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

«Биыл Бесқарағай ауданында бірқатар әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Канонерка ауылындағы Мәдениет үйі назардан тыс қалмайды. Ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге көмектесеміз», - деді аймақ басшысы.


#Абай облысы, #Бесқарағай, #мәдениет