«Miss SEMEI-2025» байқауына кастинг өтті

«Miss SEMEI-2025» байқауына кастинг өтті

Бүгін Семей қаласының Мәдениет сарайында «Miss Qazaqstan-2025» ұлттық сұлулық байқауының аймақтық кастингі өтті,-деп хабарлайды ақпараттық агенттігінің тілшісі. Шараға ең көрікті, әрі білімді деген 34 ару қатысып, республикалық деңгейдегі сайысқа жолдама алу үшін бақ сынады. Солардың бірі 20 жасар семейлік Назерке Касимбекова. 

2022 жылдан байқауды көріп, өзімді психологиялық, моральдық тұрғыдан дайындап келдім. Байқауға 3 ай қалғанда дайындалдым. Модельдік агенттіктің мүшесімін. Мақсатым: әдемілікті паш ету ғана емес, адамның өзіне деген сенімділігін көрсету,- деді ол.

Биылғы байқау «Freedom of Choice» – «Таңдау еркіндігі» ұранымен ұйымдастырылып, қыздардың өзін-өзі көрсету еркіндігіне, даралығына және ішкі жан сұлулығына ерекше назар аударылды. Кастингтің басты мақсаты – Семей қаласының бет-бейнесіне айналып, Қазақстанды ұлттық деңгейде лайықты таныстыра алатын қатысушыны анықтау.

Кастингке қатысу үшін арнайы талаптар қойылды: үміткерлердің жасы 18-ден асқан, бойы 165 см-ден жоғары, тұрмыс құрмаған, балалары жоқ, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар болуы шарт. Сонымен қатар, пластикалық отасыз табиғи сұлулық, дене бітімі әдемі, беделді және жоғары коммуникативтік қабілет маңызды критерийлер ретінде бағаланды. Қатысушылардың өнері мен дарынын қазылар алқасы — «Miss Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Айжан Рузаева және байқаудың кастинг-директоры Дильназ Махмудова саралады.

Мен 2024 жылы осы байқаға Алматы қаласынан қатысқанмын. Байқау негізі үлкен еңбекті талап етеді. Оған күні-түні дайындық керек. Әрине, Қазақстан аруы атану оңай емес. Жеңімпаз әлемдік деңгейде еліміздің намысын қорғайды. Осы арқылы әлеуметтік бағытта әдімілікке үн қосамыз,-деді кастинг-директоры Дильназ Махмудова.

Кастинг барысында қыздар өздерінің қабілеттерін көрсетті. Қатысушылардың арасынан талантты, дарынды және болашағынан үлкен үміт күттіретін 11 ару таңдалып алынды. Енді олар аймақтық кезеңде бақ сынап, «Miss Qazaqstan-2025» атағына үміткер атанады.

Бұл шара тек сұлулық сайысы ғана емес, сонымен қатар қазіргі қазақ қызының білімді, саналы және еркін тұлға екенін көрсетуге бағытталған маңызы зор әлеуметтік жоба.


#Семей, #Абай облысы, #байқау, #мәдениет