Облыс әкімі аудандарға жұмыс сапарын Абай ауданынан бастады

Облыс әкімі аудандарға жұмыс сапарын Абай ауданынан бастады

Абай облысының әкімі Берік Уәли аудандарға жұмыс сапарын Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылар дүниеге әкелген қастерлі мекен Абай ауданынан бастады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында аймақ басшысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына дайындық мәселесін пысықтап, аудандағы бірнеше әлеуметтік-мәдени нысанда болды.

Аймақ басшысы әуелі Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына тәу етті. Мемориалдық кешенді, Абайдың музей-үйі мен қызмет көрсету орталығын аралады. Мерейтой өтетін Қарауыл төбеге, Абай саябағына, аудандық Мәдениет үйіне барып, іс-шаралар жоспарымен, жаңа жобалармен танысты. Облыс әкімі аудандағы барлық мәселелер туралы сұрап-білді.

Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов Жидебайды интернетпен қамту үшін антенналық матчты құрылғы орнатуға көмек көрсетуді сұрады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жидебайға келетін туристер саны көбейгенімен оларға қызмет көрсетететін орын тапшы. Мемориалдық кешен аумағын тазалайтын техникалар жетіспейді, бұған жауапты қызметкерлердің жалақысы мардымсыз. 

Аудан әкімі бұдан бөлек Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген қорым мен сондағы Құнанбай музейіне апаратын 21 шақырым жолға асфалть төсеуге жәрдемдесуді өтінді. Бұған сұраныс та бар. Өйткені, қасиетті мекенге келетін туристер қатары күннен күнге көбейіп келеді. Облыс басшысы Жидебайды инфрақұрылымын нығайтуға, ауданда туризмді дамытуға байланысты жуық арада кешенді жоспар әзірлеп, ұсынуды тапсырды. 

«Аудандарға алғашқы сапарымды ұлылар туған топырақтан бастауым бекер емес. Биыл – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында: «Ұлы Абайдың мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деген болатын. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Ойшыл есімін иеленген облыс болғандықтан бізге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Мерейтойға дайындықты қазірден бастап, жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол шараларға басымдық беретін боламыз», — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Ақшоқыдағы Құнанбай қорымына да барып, зиярат жасап, Құнанбай музейінің жұмысымен танысты. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөріліге ат басын тіреп, сондағы музейді көрді. 

Аймақ басшысы сапар барысында Қарауыл ауылында қайта жаңғыртылып жатқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты. Екі қабатты ғимаратты ауданның тумасы Сейфолла Рахымбаев «Ауылына қарап – азаматын таны» жобасы аясында мемлекетке сыйға тартыпты. Нысанды жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Мұнда аудан тұрғындары оңалту шараларын алатын болады. Облыс әкімі құрылысты уақытында аяқтап, ғимараттың маңын абаттандыруды тапсырды. 

«Бүгін Абай ауданының тарихи-мәдени нысандарын аралап, өңірдің барлық өзекті мәселелерімен таныстым. Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Ауданға барынша қолдау білдіреміз. Қала, аудан әкімдері тек бюджет қаржысына иек артпай инвестиция тартуға көңіл бөлуі керек. Бұған Президент те, Үкімет те ерекше мән беріп отыр. Сондықтан басқа аудандар да Сейфолла Рахымбаев секілді туған жеріне жанашыр азаматтармен бірлесе жұмыс істеп, өскен-өнген өңірін көркейтуге жұмылдыруы қажет. Бұл – барлығымызға ортақ міндет», — деді облыс әкімі.


#Абай облысы, #Абай Құнанбаев, #Абай ауданы, #Берік Уәли