Абай облысында сөз бостандығы, журналистік жауапкершілік және кәсіби этика мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. «Конституция және сөз бостандығы: журналистиканың жауапкершілігі» тақырыбындағы кездесуге Журналистер клубының мүшелері мен жоғары оқу орнының студенттері қатысып, қазіргі медиакеңістіктегі өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара барысында сөз бостандығының конституциялық негіздері, журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі, ақпараттың шынайылығы және кәсіби этика талаптары кеңінен сөз болды.
Абай облыстық қоғамдық келісім орталығы жанындағы «Журналистер клубының» төрайымы, «Semei» телеарнасының бас редакторы Сайра Нүсіпбаева сөз бостандығы журналистикадағы басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ақпарат тарату еркіндігімен қатар, әрбір журналистің шындықты сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну міндеті бар.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы — еліміздің басты заңы. Оның 20-бабында әркімнің сөз бостандығына, өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар екені анық жазылған. Бірақ сөз бостандығы — шексіз еркіндік емес. Ол — үлкен жауапкершілік», – деді Сайра Нүсіпбаева.
Сондай-ақ ол Конституцияда бекітілген сөз және шығармашылық еркіндігінің журналистика үшін маңызына тоқталып, еркін пікір білдіру мүмкіндігі елдің бірлігі мен дамуына қызмет етуі керектігін жеткізді.
Өз кезегінде «Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ директоры Жадыра Мұратбекова ақпарат ағыны күшейген қазіргі кезеңде деректерді тексеру мен бірнеше дереккөзге сүйенудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық мәселелерді көтерудегі рөліне тоқталды.
«Аудиторияның сенімі жылдар бойы қалыптасады, алайда оны жоғалту әлдеқайда оңай. Сондықтан ақпараттың шынайылығы, объективтілігі және кәсіби этика талаптарын сақтау әрбір бұқаралық ақпарат құралы өкілінің басты ұстанымы болуы тиіс», – деді Жадыра Мұратбекова.
Ал «Semei» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің редакторы Сұлтан Жоламанов телевизия журналистикасының қыр-сырымен бөлісіп, жаңалық әзірлеу барысындағы тәжірибесін ортаға салды. Ол журналист мамандығы үздіксіз ізденісті, уақыт пен жоғары жауапкершілікті талап ететінін айтты.
«Көрермен экраннан небәрі бір-екі минуттық жаңалықты көреді. Алайда сол қысқа ақпараттың артында қаншама адамның еңбегі, ізденісі мен уақыты тұрады», – деді Сұлтан Жоламанов.
Кездесу барысында студенттер журналистика саласының ерекшеліктерімен танысып, тәжірибелі мамандармен пікір алмасты. Әсіресе ақпараттың анықтығын сақтау, дереккөздерді тексеру және кәсіби этика қағидаларын ұстану мәселелеріне басымдық берілді.
Дөңгелек үстел қорытындысында сөз бостандығы мен журналистік жауапкершілік бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екені атап өтілді. Өйткені қоғам сеніміне ие болу үшін журналист ең алдымен шынайы ақпарат ұсынып, әр сөзі мен жариялаған материалына жауап бере білуі керек.




