Бұралқы иттер мәселесіне нүкте қойылды: Қазақстанда иесіз жануарлар қайтарымсыз ауланатын болады

Бұралқы иттер мәселесіне нүкте қойылды: Қазақстанда иесіз жануарлар қайтарымсыз ауланатын болады

Қазақстанда қоғамда үлкен талқы туғызған бұралқы иттер мәселесіне қатысты маңызды шешім қабылданды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Жаңа заңға сәйкес, ендігі жерде көшедегі бұралқы иттер қайтарымсыз ауланатын болады. Бұл шешім қоғамда көптен бері көтеріліп келе жатқан қауіпсіздік мәселесіне байланысты қабылданғаны айтылуда. Әсіресе, соңғы жылдары иесіз иттердің адамдарға шабуыл жасау деректері жиілеп, тұрғындардың алаңдаушылығы артқан еді. Оның ішінде балалар мен аналардың зардап шегуі қоғамның наразылығын күшейтті.

Депутаттың айтуынша, жергілікті әкімдіктер жаңа заңның толық әрі тиімді орындалуына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Көшелерде иесіз иттердің жүруіне жол бермеу – ендігі басты міндеттердің бірі болмақ.

Бұл мәселе қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырғаны белгілі. Бір тарап адам қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, мұндай қадамды қолдаса, екінші тарап жануарларға гуманистік көзқарасты сақтау қажеттігін алға тартып келеді. Соған қарамастан, билік халықтың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек деген ұстанымды таңдағаны байқалады.

Сарапшылардың пікірінше, заңның тиімді жүзеге асуы үшін тек аулану шараларымен шектелмей, үй жануарларын тіркеу, бақылау, жауапсыз иелерге айыппұл салу сияқты жүйелі жұмыстар қатар жүргізілуі қажет. Өйткені бұралқы иттердің көбеюіне көбіне жауапсыздық пен бақылаудың әлсіздігі себеп болып отыр.

Қалай болғанда да, жаңа заң қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне нақты шешім қабылданғанын көрсетеді. Ендігі кезекте оның орындалуы мен нәтижесі басты назарда болмақ.


#Заң, #мәжіліс, #ит