Мақаншы ауданында 41 шақырым жол жөнделді

Мақаншы ауданында 41 шақырым жол жөнделді

2025 жылы Мақаншы ауданында жалпы ұзындығы 41 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Дәурен Қойгельдин мәлімдеді. Аудан әкімі көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Атап айтқанда, Алакөл көліне апаратын 5 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар Көктал ауылының кіреберісіндегі жолдың бір бөлігі ресайклинг әдісімен жаңартылып жатыр. Мақаншы – Көктерек – Қызылбұлақ бағытындағы жолдың жекелеген учаскелерінде де жөндеу жүргізілді.

– Елді мекендер ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында Бақты, Келдімұрат, Қаратұма және Мақаншы ауылдарының бірқатар көшелері жөнделді. Кейбір жобалар келесі жылға өтеді. Атап айтқанда, Көктал ауылына кіреберіс жолды, Мақаншы – Көктерек – Қызылбұлақ бағытындағы жолды, сондай-ақ Келдімұрат пен Мақаншы ауылдарындағы жекелеген көшелерді жөндеу жұмыстары келесі жылы толық аяқталады, – деді Дәурен Қойгельдин.

Сонымен қатар Мақаншы ауылындағы кейбір көшелерде төселген асфальттың сапасына қатысты ескертулер бар. Бұл учаскелер мердігердің кепілдік міндеттемелері аясында қайта жөнделеді.

 Бұдан бөлек, Бекет ауылында, сондай-ақ Мақаншы – Жалаңашкөл және Таскескен – Бақты бағыттарындағы жолдардың жекелеген бөліктерінде де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген Қаратұма – Келдімұрат жолында тас төсеу, тегістеу және жолды кеңейту жұмыстары атқарылды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін Жалаңашкөл стансасындағы вокзал ғимараты жаңартылып жатыр, – деп атап өтті аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Абай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі


#Абай облысы, #жол, #Мақаншы ауданы