Белгілі журналист отбасындағы қайғылы жағдайды айтып, Президенттен көмек сұрады

Белгілі журналист отбасындағы қайғылы жағдайды айтып, Президенттен көмек сұрады

ШҚО-да кісі қолынан мерт болған марқұмның туыстары күдіктінің сытылып кетуінен қауіптенеді.  Сол себепті әділдік іздеп туыстары Президентке бейнеүндеу жариялаған. 

Нұртас Солтанұлы  Facebook желісінде әулетінің үлкен қайғыға душар болғанын жазған. 

«Менде бар ақпарат бойынша, 2024 жылдың 2 наурызында ШҚО, Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылында менің туған ағам Көшеров Жарас Солтанұлын осы ауыл түрғыны Нұрмұханов Бауыржан Мақсатұлы пышақтап өлтіріп кетті. Бұл туралы марқұм ағам менің апайым Жадыраға тірі кезінде хабарласып үлгеріп, телефонмен көмек сұраған. «Мені Нұрмұханов Бауыржан пышақтап кетті, қор болдым-ау» деп айтқан.

Содан бері 4 тәулік өтсе де, күдіктіні қылмыстық іс бойынша қамауға санкция берілген жоқ, тек полицияға бағынбағаны үшін ғана әкімшілік іспен қамады», делінген оның жазбасында.

Дерекке қарағанда, күдікті бұған дейін де 2 адамды өлтіріп, алғашында шартты жаза алса, келесі қылмысы үшін 3,5 жылға ғана сотталған. Себебі, оның туыстары өте ауқатты және ықпалды адамдар көрінеді.

«Мысалы, күдікті Нұрмұханов Бауыржан Мақсатұлының немере ағасы Нұрмұханов Бақыт Маратұлы - ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары. Қолымызда бар мәлімет бойынша, қазір істі тергеп жатқан тергеушілер оның ауылдастары, жергілікті РОВД бастығы Жандос Кушкинчинов, Марқакөл аудандық прокурорының орынбасары Ержан Әзімбаев. Сондықтан олар істі, менің ағам күдіктіге шабуыл жасау кезінде өзін-өзі пышақтап өлді дегенге әкеле жатыр. Тіпті, ертең менің ағама неше түрлі жала жауып, өзін кінәлі етіп шығаруы мүмкін! Бұған дейін 2 адам өлтірген Нұрмұханов Бауыржан тағы да құтылып кетуі ғажап емес. Бұл - қоғамға қауіпті адам. Бүгін мені қан қақсатса, ертең Сізді зар жылатуы мүмкін!», дейді марқұмның туысы.

Ол жергілікті ШҚО Полиция департаментінің бастығы Е.Омарбековке де осы мәселені айту үшін барғанымен, ол қабылдамаған. 

Әділдік іздеп шырылдаған отбасы Президентке юейнеүндеу жариялаған. 


#Оқыс оқиға, #ШҚО