Костенко шахтасындағы апат: құтқарушылар болжам бойынша қаза тапқан соңғы адамның денесін тапты

Костенко шахтасындағы апат: құтқарушылар болжам бойынша қаза тапқан соңғы адамның денесін тапты

31 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаиловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ведомствоның ресми ақпаратына сілтеме жасап.

Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің және алдын-ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның денесі табылды.

Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі.

Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түсті.

Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған», - деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылғы 28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі  700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасының жарылуы орын алды. Бұл жерге дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жіберілді.

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды.


#өрт, #Қарағанды, #шахта, #"АрселорМитталТеміртау" компаниясы