Түркиядағы жол апаты: Қазақстан консулы Алания аймағына бара жатыр
ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркияның Алания аумағында туристер мінген микроавтобус апатына қатысты мәлімет ұсынды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін таңертең Алания тасжолында микроавтобус пен жүк көлігі соқтығысып, жол-көлік апаты орын алды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар. Алдын ала алынған мәліметке сәйкес, автобуста Қазақстан азаматтары болған. Оқиғаның барлық мән-жайы мен біздің азаматтарымыздың жағдайын анықтау үшін ҚР консулы аталған өңірге шұғыл түрде жолға шықты», - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Еске салайық,түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, қазақстандық туристерді тасымалдаған микроавтобус Аланиядағы Okurcalar Mahallesi D-400 трассасында жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан көлік жүргізуші мен гид (Украина азматы) оқиға орнында көз жұмды.
Апат орнына полиция мен медицина бригадалары дереу жіберілген. Көлікте болған 12 туристің алтауы ауыр жарақатпен жергілікті ауруханаларға жеткізілді.