ҚР Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады
Алынған мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құрады.
Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе 63,66% . Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге 5 миллион 561 мың 937 адам немесе 71,12% дауыс берген.
Осылайша АЭС құрылысына 71%-дан жоғары азамат қолдау білдірген. Оның ішінде, Абай облысы бойынша референдумға қатысқан 283 365 адамның 199 413-і АЭС салу бастамасын қолдаған. Ал 76 218 адам қарсы дауыс берсе, 4587 бюллетень жарамсыз ден танылған.
Бұл халықтың мемлекет жүргізіп отырған энергетикалық саясатты дұрыс бағалап, алдағы онжылдықтардағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңыздылығын түсінгенін көрсетеді. Атом энергиясын пайдалану Қазақстанның көмірсутекті ресурстарға тәуелділігін азайтып, елдің экономикалық дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жоба халық үшін ұзақ мерзімді пайдасы мол қадам ретінде қабылдануда,- дейді "Respublica" партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш.
Осылайша халық АЭС қажеттілігін қолдаған. Бұл көрсеткішке жетуде Халықтық штабтың бір айға созылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өту қажет. Штабтың белсенді әрекеттері халықтың атом энергетикасы туралы түсінігін арттырып, жобаның экологиялық және экономикалық артықшылықтарын кеңінен насихаттады. АЭС құрылысының маңызын халыққа ашық әрі қолжетімді тілде түсіндіру, тәуекелдерді азайту жолдарын көрсету осы жоғары қолдау деңгейінің қалыптасуына септігін тигізді.
Сонымен бірге, бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Халықтың пікірін ескеріп, стратегиялық шешімдерді қоғамның талқысына салу мемлекеттің халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтінін көрсетеді. АЭС сияқты маңызды жобалар бойынша осындай ашық және демократиялық процестер жүргізу халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады. Бұл қадам елдің дамуына бағытталған шешімдерге азаматтардың тікелей қатысуын қамтамасыз етіп, олардың өз болашағына ықпал етуіне мүмкіндік береді,-дейді "Respublica" партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш.