«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезекті VIII конференциясы өтті

«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезекті VIII конференциясы өтті

23 тамыз күні «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезекті VIII конференциясы өтті. Партиялықтар 2021-2022 жылдарда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті. Сондай-ақ партияның қалалық, аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамы сайланды.

Іс-шараға өңірдегі Саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Мәселен, өткен екі жылда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Абай облысының аумағында 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға 905 пәтер табысталды, 20 мыңға жуық жұмыс орны және 4 жаңа мектеп ашылды, радионуклидтік терапия бөлімшесі бар бірегей Ядролық медицина орталығы қолданысқа берілді.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек аманаттықтардың алдында тұрған басты міндет демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру екенін атап өтті.

«Біз – қоғамның заманауи және өзекті сұрауларына құрметпен қарап, оларға құлақ асатын партиямыз. Заман талабына сай жаңа бастамаларды қолдау арқылы күшейе береміз. Сондықтан, өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды әрі партияның бұлжымас парызы. «AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әділетті қоғам құруға күш салып, азаматтардың құқығын қорғау және өмір сапасының ұлттық стандартын қалыптастыру», – деді ол.

«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Сүлейменов Орталық аппараттың келісімімен тағайындалған «AMANAT» партиясы Абай облыстық  филиалының атқарушы хатшысы Сейілбек Ысқақовты таныстырды. 

«Сеилбек Абиурұлы көп жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарған. Аягөз ауданының әкім орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы қызметтерін, тағайындауға дейін Аягөз ауданының әкімі лауазымын атқарған. Алдағы қызметіңізге сәттілік тілейміз!» - деді Қуаныш Серқазұлы. 

Сондай-ақ конференция шешімімен партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамы бекітілді. Осылайша, партияның өңірдегі 1 қалалық және 9 аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің құрамына барлығы 132 адам кірді. Айта кетейік, биыл бұл құрамның тең жартысынан астамы, яғни 55%-ы қайта жаңарды. Оның ішінде, жастар – 27%-ды, әйелдер – 42%-ды құрады.

Дәулет Кәрібек өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, партияның жастар саясатын жетілдіру, студенттерді жатақханамен қамту және жастарға арналған жұмыс орындарын құру бағытындағы басымдықтарына назар аударды.

Өңір ақсақалдарымен және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуде партиялықтар тарихи мұраны сақтау, мемлекеттік тілді қолдау, жаңа заман әдебиетін дамыту және тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру шараларын талқылады.

Айта кетейік, Абай облысындағы 137 бастауыш партия ұйымында «AMANAT» партиясының 23 мыңнан астам мүшесі бар.


#Семей, #Абай облысы