Аймақ басшысы Қытайға жұмыс сапарымен барды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үрімжідегі ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы мен 8-ші «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысу үшін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына ресми жұмыс сапарымен барды. Сапардың алғашқы күнінде аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған делегация құрамында ҚХР ШҰАА партия хатшысы Ма Синжуй және өзге де лауазымды тұлғалармен кездесті.
Мәселен, Тарбағатай аймағының әкімі (уәлиі) Айдын Төлеухан, сыртқы істер кеңсесінің басшысы Тұрсын Мұратұлы және сауда мекемесінің хатшысы Суй Хонгянмен жүздесу сәтінде тараптар шекаралас екі аймақтың келешектегі қарым-қатынасы жайлы талқылады.
«Өзіңізбен жүздесу үшін түрлі бағытта табысты еңбек етіп жүрген Тарбағатай аймағының 26 кәсіпкері келіп отыр. Олардың арасында астық өндіру, құрылыс, ауылшаруашылығы техникасын шығаратын т.б кәсіпорын басшылары бар. Олар өз кәсіптерін сіздердің облыста кеңейтіп, жергілікті кәсіпкерлермен серіктес болуды көздейді», - деді Тарбағатай аймағы сыртқы істер кеңсесінің басшысы Тұрсын Мұратұлы.
Өз кезегінде Нұрлан Ұранхаев екі ел арасындағы достық байланыс алдағы уақытта жаңа деңгейге шығатынын атап өтті.
«Қос мемлекет басшыларының достық саясатының арқасында бүгінде әлеуметтік-экономикалық, өзге де салаларда байланыс жандана түсті. Біз осы бағытта жұмысты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Біздің облысқа келіп, жұмыс жасаймын деген әрбір азаматқа өз тарапымыздан қолдау білдіруге әзірміз. Болашақта Абай облысы мен Тарбағатай аймағы бірге көркейе береді деген ойдамын», - деді облыс әкімі.
Кездесу екі аймақ кәсіпкерлерінің ашық диалогымен жалғасты. Кәсіпкерлер болашақта бірге жұмыс жасаудың жолдарын қарастырды.