Семейде 8 наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өтті
Семейде 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Әдемі-ау» атты салтанатты шара өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мерекелік концертке облыс әкімі Берік Уәли қатысып, нәзік жандарды мерекемен құттықтады. Өңірде 300 мыңнан астам қыз-келіншек бар. Олардың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, мәдениет саласында еңбек етеді.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде өңірдегі әйелдер қауымының барлық салада еңбек етіп жатқанын, олардың арасында жұмысшы мамандардың да аз емес екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әйелдер қауымына арнаған мерекелік құттықтауында «Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды. Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді» - деп атап көрсетті.Өткен жылы 140-тан астам әйел кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл шаралар әлі де жалғасын табады. Абай елінің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру – ортақ мақсатымыз» деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Салтанатты шарада облыс әкімі өңірдің қоғамдық өмірінде белсенді жұмыс атқарып, аймақтың дамуы үшін еселі еңбек етіп жатқан нәзік жандарға мемлекеттік марапат табыс етті.




Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының медициналық бөлім жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Гаухар Мансұрова «Парасат» орденімен, Абай атындағы театрдың әртісі Нәсима Мұратханқызы, № 27 орта мектептің директоры Айгүл Түкенова, жеке кәсіпкер Айман Жакупова «Шапағат» медалімен наградталды.

Эстрада жұлдыздары Бауыржан Исаев, Жеңіс Ысқақова және жергілікті өнерпаздар жиналғандарға мерекелік бағдарлама ұсынды.

#Абай облысы, #мереке, #Абай облысының әкімі, #Наурыз, #Берік Уәли