Тағдырдың талай сынына төтеп беріп, қиындыққа мойымай, еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандар бар. Солардың бірі – бірінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, ұлттық қолөнерді жанына серік етіп, ата-баба мұрасын жаңғыртып жүрген желтоқсандық Абылайхан Асылбай.
Жас кезінде ауыр жарақат алып, мүгедектікке ұшыраған Абылайхан Асылбай өмірдің қиындықтарына мойымады. Қайта қайсарлық пен табандылық танытып, қолөнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдар – тек шеберліктің ғана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің де көрінісі.
Шебердің айтуынша, бүгінгі қолөнер туындылары – кешегі ата-бабаларымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдардың жалғасы. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан асыл мұра.
«Менің басты мақсатым – өткеннің өнегесі болған туындыларды жасау арқылы адал еңбегіммен Тәуелсіз елімнің дамуына үлес қосу», – дейді Абылайхан Асылбай.
Өмірдің ауыр сынағына қарамастан, еңбектен қол үзбеген азамат қоғам өміріне де белсенді араласып келеді. Бүгін ол елдегі маңызды науқаннан шет қалмай, өз таңдауын жасады. Денсаулығына байланысты үйінен дауыс берген шебер осылайша азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Абылайхан Асылбайдың өмір жолы – қандай жағдай болса да, адамды алға жетелейтін күштің табандылық пен еңбек екенін аңғартатын тағылымды өнеге. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым – ұлттық мұраға қосылған үлес болса, бүгінгі азаматтық белсенділігі – ел тағдырына деген жауапкершіліктің белгісі.





