5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың спортшылары анықталды

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың спортшылары анықталды

8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы спорттық мереке. 

Өзге ұлттық құрамалар сияқты қазақ күресінің балуандары да Көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен 4 оқу-жаттығу жиыны өтті. Атап айтқанда, балуандар бұған дейін Алматы қаласында екі мәрте, Грузия елінде және Қырғызстанда дайындықтарын жүргізді. 

Қазіргі уақытта кезекті оқу-жаттығу жиыны 1-14 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучье қаласында өтуде. Бұл оқу-жаттығу жиыны барысында балуандардың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздіктері анықталды. 

Осылайша, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына келесі балуандар іріктелді: 

Ерлер – Төлепов Бекжан (55 кг, Жетісу обл.), Берекетов Мейіржан (60 кг, СҚО), Тұқышев Дидар (66 кг, Абай обл.), Қожамбеков Жұмажан (74 кг, Шымкент қ.), Сейітқазынов Ерсін (82 кг, Абай обл.), Жанатаев Ерасыл (90 кг, Алматы қ.), Мұзаппаров Ерсұлтан (100 кг, Шымкент қ.), Жарылғапов Нұрдәулет (+100 кг, Маңғыстау обл.). 

Әйелдер – Жылқыбаева Айжан (48 кг, Түркістан обл.), Азаматова Назерке (52 кг, Ақтөбе обл.), Нұрмахамметова Рауза (56 кг, Жамбыл обл.), Құсақбаева Бақыт (60 кг, Ақтөбе обл.), Сарипова Зарина (65 кг, Абай обл.), Нысантайқызы Роза (70 кг, Абай обл.), Файзолланова Зәмзәгүл (77 кг, Шымкент қ.), Бахиева Альбина (+77 кг, Шымкент қ.).

Қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұловтың айтуынша, кешенді ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. 

 Қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасы кешенді ойындарға дайындық аясында бесінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жалпы спортшыларымыз орта тау бөктерінде жалпы дене дайындықтарын өткізіп, шетелдік балуандармен тәжірибе алмасқан болатын. Спортшылар алдағы маңызды жарысқа физикалық тұрғыдан да, тәжірибе жағынан да толықтай дайын деп ойлаймын. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ қуу және қалыпқа келу жұмыстарына басымдық берілетін болады. Осындай ірі жарыстың біздің балуандарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында спортшыларымыздың ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлердің қатарынан көріну үшін барын салатынына сенімдімін, – дейді Ғани Құдайбергенұлы.

Бас бапкердің сөзіне қарағанда 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында іріктеліп, 16 салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын балуандардың 50 пайыздан астамы жеңістің бірінші сатысынан көруі әбден мүмкін. 

Айта кетсек, жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады. Астанадағы жарыстың бағдарламасына 21 спорт түрі кірсе, оның 12 ұлттық спортымыз.


#Спорт, #Дүниежүзілік көшпенділер ойындары