Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен және «ARLAN» спорт клубының қолдауымен өткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің республикалық волейбол чемпионаты өз мәресіне жетті.

Бірнеше күнге созылған жарыста еліміздің барлық өңірлерінен келген 25 команда мен 250-ден астам полиция қызметкері еліміздің үздік полиция командасы атағы үшін бақ сынады. Турнир нағыз спорт мерекесіне айналып, қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, командалық бірлікті, спорттық шеберлікті және жеңіске деген жігерін көрсетті. Шешуші ойындар 23 шілде күні өтті. Финалда Абай облысы Полиция департаментінің командасы Шымкент қаласы Полиция департаментінің командасымен кездесті. Ойын тізгінін өз қолында сенімді ұстаған Абай облысының волейболшылары қарсыласын 3:0 есебімен жеңіп, Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионы атанды.

Салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздарға чемпиондық кубок пен алтын медальдар табысталды. Күміс жүлдені Шымкент қаласы Полиция департаментінің командасы иеленсе, қола медаль Жетісу облысы Полиция департаментінің командасына бұйырды. Абай облысының спортшылары жеке номинациялар бойынша да жоғары бағаланды. Полиция аға лейтенанты Василий Антонович Плотников «Турнирдің үздік тосқауыл қоюшысы» атанса, полиция аға лейтенанты Рауан Дәуренұлы Жақсылықов чемпионаттың «Үздік ойыншысы» деп танылды.
Сонымен қатар жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрама командасының құрамына Абай облысы Полиция департаментінің келесі қызметкерлері енді: • полиция майоры Ұлан Нұрланұлы Акашев; • полиция капитаны Нұрсұлтан Бегешұлы Бөкейханов; • полиция аға лейтенанты Мейіржан Талантұлы Советханов.






