Абай облысында спорт қарқынды дамуда: облыс әкімі спорт саласының қайраткерлерімен кездесті
Семей қаласында мамыр айының алғашқы күндері бірқатар маңызды спорттық шаралар ұйымдастырылып, аймақтың спорт саласындағы белсенді дамуын тағы бір мәрте айқындады. 4-5 мамыр күндері «Арена» спорт кешенінде грек-рим күресінен U-15 жасөспірімдер арасында Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық спорттың беделін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Ал 7 мамыр күні Семейде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир өтпек. «Seitkhan cup» атауымен танылған бұл жарыс 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін турнир бірнеше рет Алматы қаласында өткізілсе, биыл алғаш рет журналистің туған жері – Абай облысында ұйымдастырылуы ерекше мәнге ие. Турнирдің бас қолдаушысы – облыс әкімдігі, ал ұйымдастырушысы – BAQ LIGA – Қазақстан журналистер лигасы.

Аталған спорттық іс-шаралар аясында облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Елсияр Қанағатов және белгілі спорт журналисі, жазушы, қоғам қайраткері Несіп Жүнісбайұлымен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі спорт саласының даму қарқыны мен өзекті мәселелері талқыланды. Қонақтар облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы «Seitkhan cup» турнирінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Қазіргі таңда Семей қаласының Бобровка және Ұшақтар кенттерінде жаңа дене шынықтыру кешендері салынып жатыр. Сонымен қатар, жыл басында Водный кентінде заманауи сауықтыру кешені пайдалануға берілген.Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» акциясы аясында да бірқатар жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының тартуы ретінде жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Павлодар облысы Семейде үстел теннисі орталығын салуды қолға алған. Ірі компаниялар да бұл бастамадан тыс қалған жоқ. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда заманауи стадион құрылысын бастаса, «Самұрық-Қазына» қоры қаланың оң жағалауында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуда. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Аягөз қаласында осындай кешен тұрғызуды жоспарлап отыр.

Кездесу қорытындысында аймақ басшысы айтылған ұсыныстар мен пікірлер назардан тыс қалмайтынын, олар алдағы жұмыстарда ескерілетінін жеткізді. Жалпы, Семей өңірінде спорт саласының қарқынды дамуы – жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ел спортының жаңа белестерге көтерілуіне берік негіз қалайды.