Әмір Маймұратов құзға өрмелеуден Олимпиада рекордын жаңартты
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін спорттық құзға өрмелеу бәсекесінде қазақстандық Әмір Маймұратов Олимпиада рекордын жаңартты.
Парижде құзға ормелеуден ерлер арасында жылдамдыққа жарыста қазақстандық Әмір Маймұратов 1/8 финалда Джошуа Брюйнсты жеңіп, ширек финалға өтті. Әмір 4,49 секундта, Джошуа 5,89 секундта құзға шықты.
Отандасымыз іріктеуде құзға 4,89 секундта өрмелеп, олимпиада рекордын жаңартты. Атлеттер «жылдамдық» дисциплинасы бойынша бақ сынады. Осыдан соң, әрі қарайғы турнир кестесі құрылады. Қазіргі таңда алғашқы айналым жалғасуда.
Ширек финал ертең, 7 тамыз Қазақстан уақытымен 15:35-те болады.
Айта кетейік, Әмір осы бағдарламада Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының жалғыз спортшысы. Ол кейінгі әлем чемпионатында 27-ші, Азия ойындарында жетінші орынға ие болған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.