Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Спорт 32 қаралымabaidan.kz

Испания Францияны жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына шықты

Испания Францияны жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына шықты

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалында Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды.

Кездесу жоғары қарқынмен басталды. Франция құрамасы Килиан Мбаппенің бастамасымен шабуылды үдетіп, есеп ашуға тырысқанымен, алғашқы болып гол жіберіп алды.

Матчтың 22-минутында франциялық қорғаушы Люка Динь өз айып алаңында Ламин Ямальға қарсы ереже бұзды. Бас төреші пенальти белгілеп, оны Испания шабуылшысы Микель Оярсабаль дәл орындап, командасын алға шығарды.

Бірінші таймның қалған бөлігінде Франция есепті теңестіруге бірнеше мүмкіндік жасағанымен, испаниялықтардың қорғанысы сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде командалар үзіліске Испанияның 1:0 есебімен басымдығымен шықты.

Екінші таймда да ойын тізгінін қолдан шығармаған испаниялықтар 58-минутта есеп айырмасын ұлғайтты. Педро Порро мергендік танытып, матчтағы соңғы нүктені қойды. Осылайша Испания Францияны 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының финалына шықты.

Испания құрамасы топтық кезеңде Н тобында 7 ұпай жинап, Уругвайды 1:0, Сауд Арабиясын 4:0 есебімен жеңіп, Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең түскен болатын. Кейін плей-офф кезеңінде Аустрияны (3:0), Португалияны (1:0) және Бельгияны (2:1) жарыс жолынан шығарды.

Айта кетейік, Испания бұған дейін 2010 жылы әлем чемпионы атанған еді. Енді араға 16 жыл салып, екінші мәрте әлем чемпионы атану мүмкіндігіне ие болды.

Әлем чемпионатының екінші жартылай финалында 15 шілдеде Қазақстан уақытымен 23:50-де Англия мен Аргентина құрамалары кездеседі. Бұл матчтың жеңімпазы финалда Испанияға қарсы ойнайды. Ал финал және үшінші орын үшін кездесу 19 шілдеге жоспарланған.