Қазақ боксшылары кемі бір алтынмен оралады – Қанат Ислам.

Қазақ боксшылары кемі бір алтынмен оралады – Қанат Ислам.

Белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қазақ боксшылары Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарынан кемі бір алтын алатынына сенімді. Бұл туралы ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында атап өтті,- деп хабарлайды abaidan.kz. Сонымен қатар барлық құрамаға сәттілік тіледі.

«Олимпиада ойындарын тағатсыздана күтіп жүрміз. Осыған дейінгі Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары жүлдесіз оралмаған. Кемі бір алтынмен келетін. Алайда, Токиода алтынсыз қалдық. Жігіттеріміз биыл сол олқылықтың орынын толтырады деп сенемін. Қазақ боксшылары кемі бір алтын алады. Біздің жігіттердің барлығы өз салмақтарында топ жарып, осыған дейінгі әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар. Ешкімді бөле жармайын. Барлығы жүлдеге лайықты жігіттер», - деді Қанат Ислам.

Сондай-ақ, тек боксшыларға ғана емес, жалпы Олимпиадаға аттанған барлық құрамаға сәт сапар тіледі.

«Спортшыларымыздың алды Олимпиадаға аттанып барады. Мен тек боксшыларымызға ғана емес, барлық ұлттық құрама мүшелеріне сәт-сапар тілеймін. Жүлделеріңіз көп болсын, қазақтың көкбайрағын Париж төрінде желбірете беріңіздер дегім келеді», - деді боксшы.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығына белгіленген. 

Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады. 

Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.


#Спорт, #бокс, #боксшы