Жерлестеріміз жеңіс тұғырында
Малайзия астанасы Куала-Лумпурда есту қабілеті зақымданған спортшыларға арналған 10-шы Азия-Тынық мұхиты ойындары аяқталды. Жарысқа 24 елден 1300-ден астам спортшы қатысты. Олар спорттың 10 түрі жеңіл атлетика, тхэквондо, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, үстел теннисі, бадминтон, шахмат, боулинг және футболдан бақ сынады. Қазақстан құрамасы сапындағы 80 спортшы спорттың 8 түрі жеңіл атлетика, тхэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, бадминтон, шахмат және үстел теннисінен сайысқа түсті.
Ұлттық құрамада Абай облысының спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Дзюдодан 60 келі салмақта Алтынбек Кәкетаев алтын, 48 келіде Айым Жетпісбаева күміс медаль жеңіп алды. Ал 57 келіде тхэквонда жарысында Айым Жеңісбекова қола жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасы Азия-Тынық мұхиты ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Спортшылар Бішкек, Ыстықкөл, Қарағанды, Шымкент, Алматы мен Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарынан өткен.