Туризм 63 қаралымabaidan.kz

Абай облысында туризм және спорт инфрақұрылымы дамып келеді

Абай облысында туризм және спорт инфрақұрылымы дамып келеді

Абай облысында туризм және спорт салаларын дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы облыс тұрғындарымен кездесуде Туризм және спорт вице-министрі Мирас Қалиев мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, Абай облысының туристік әлеуеті жоғары. Өңірде табиғи ландшафттармен қатар, тарихи-мәдени және киелі нысандар көп.

«Кеше біз Абай ауданында болып, түрлі туристік нысандарды аралап көрдік. Олардың саны шамамен 400-ге жетеді. Олардың қатарында киелі орындармен бірге тарихи-мәдени маңызы бар нысандар да бар. Бұл нысандардың әлеуетін толық пайдаланып, оларды туристік өнімдер құрамына енгізу қажет. Облыс әкімдігі бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Мирас Қалиев.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың туристік нысандарына 84 мың адам барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Шетелдік туристердің саны 5 мыңға жуықтаған.

Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыстың туризм саласына салынған инвестиция көлемі 200 пайызға өскен. Өткен жылы жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын төрт туристік нысан пайдалануға берілді.

Кездесуде бұқаралық спортты дамыту мәселесі де сөз болды. Абай облысында дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатындар саны 238 мың адамды немесе облыс халқының 42 пайызын құрайды.

«Бұл көрсеткіштердің артында мыңдаған балалар мен жастардың, жаттықтырушылар мен спорт мамандарының күнделікті еңбегі тұр», – деді Мирас Қалиев.

Абай облысында спорттың 16 түрі бойынша 5 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларымен қамтылған. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлінген. Халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазір облыстың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 59,6 пайызды құрайды. Абай облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған 627 спорт ғимараты бар. Оның 531-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл өңірде бес жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Олар Семей қаласының Водный, Бобровка және Ұшақтар кенттерінде, сондай-ақ Ақсуат ауданының Екпін және Ойшілік ауылдарында орналасқан.

Бұдан бөлек, облыста тағы 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Семейде – 6, Курчатовта – 3, Аягөз ауданында – 3, Абай ауданында – 2, Үржар ауданында – 1, Көкпекті ауданында – 1 және Жарма ауданында – 4 нысан бар.

Семейде 18 мың орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Жоба жақын арада мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.

Абай облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға да жағдай жасалып келеді. Сонымен қатар балалар спорты мен спорттың қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда. 

"Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа моделі аясында бір баланы даярлауға жұмсалатын шығын жылына 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ біліктілік үшін үстемеақылар белгілеу арқылы жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30 пайызға арттырылды" ,-деді вице-министр.

Спорт саласын цифрландыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. E-Sport цифрлық платформасы аясында спортшылар, бапкерлер, төрешілер мен әдіскерлердің бірыңғай деректер базасы, іс-шаралардың электрондық күнтізбесі және спорт нысандарының тізілімі енгізілуде. Абай облысының өкілдері халықаралық жарыстарға да қатысып келеді. Қазіргі уақытта Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында Абай облысының өкілдері – дзюдодан Асхат Ажар мен Ерасыл Қажыбаев, кураш күресінен Зарина Сарипова және семсерлесуден Темірлан Қалиев өнер көрсетуде.

Кездесуде жиналғандар тарапынан Алакөл маңындағы қауіпсіздік, тазалық пен бейберекет сауданы реттеу және Шипалы көлінің инфрақұрылымы , өңірдегі спорт саласының жетістері қалай бағаланатындығы, спорт инфрақұрылымы туралы, Қоңыр Әулие үңгірі мен Алакөл алаулары фестиваліне қатысты  ұсыныстар айтылды. Вице-министр қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстардың  ескерілетінін жеткізді.