Үржар ауданының Таскескен ауылында «Ауыл – ел бесігі» фестивалі өтіп жатыр
Бүгін Үржар ауданының Таскескен ауылында дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорттық фестиваль басталды. Белгілі меценат Талғат Сақанның ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен 27-28 маусым күндері республикалық айтыс, 70 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық «Таскескен жүйрігі» ат жарысы, қыз қуу, теңге ілу, қой көтеру, садақ ату, киіз үй тігу сайыстары өткізіледі. Шара барысында «Топжарған» этно-мәдени орталығы акробатикалық өнердің үлгілерін көрсетіп, ұлттық дәстүрді дәріптейді. Мерекелік шара аясында Таскескен ауылында қоғамдық сауықтыру кешені ашылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген нысан бір уақытта 100 адамға дейін қабылдай алады. Фестивальдің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл шараның ауыл тұрмысының жақсаруына қосар үлесі зор екенін атап өтті.



«Абай өңірінде Атымтай жомарттық пен туған жерге қызмет ету қашанда асыл мұрат болып келген. Осы дәстүрдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар өңірімізде аз емес. Солардың бірі – осы жердің тумасы, ел перзенті, белгілі кәсіпкер, туған ауылдың жанашыры Талғат Сақан екенін ерекше атап өткім келеді. Бүгінде оның демеушілігімен Таскескен ауылында бірнеше әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылып жатыр. Таскескен ауылының кіреберіс қақпасы (арка) орнатылды. 2024 жылы 2 кешеге асфальт төселді. Қоғамдық сауықтыру орталығын халық игілігіне бергелі отыр. 100 орынға арналған балабақша құрылысы жүргізілуде. Бұл ел мен жерге деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, нақты іс арқылы көрсеткен азамат. Бұдан басқа Атымтай жомарт азаматтар үлгі алады деп ойлаймыз», - деді аймақ басшысы.



Облыс әкімі Үржар ауданында жеке инвесторлардың қаржысымен көптеген жобалардың іске асырылып жатқанын айтты. Мәселен, қытайлық тараппен бірлескен «Шың Жан Жуо Анг–Сункар» ЖШС күнбағыс майы мен ұн өндіретін және мал азығын дайындайтын кешен салуда. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге. Бұдан бөлек «Urdjar Agro Trade» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 100 тонна болатын майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестиция көлемі – 800 млн теңге.


Облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» фестивалі аясында арнайы тігілген киіз үйлерді аралап көрді. Ұлттық нақыштағы көрме-экспозициялар мен қолданбалы өнер бұйымдары, ауыл кәсіпкерлері мен шаруалардың өнімдері, киіз үй ішіндегі дәстүрлі тұрмыс үлгілері таныстырылды.