Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Заң мен тәртіп 63 қаралымabaidan.kz

Қылмыстың алдын алу — құқық қорғау органдары жұмысының жаңа бағыты

Қылмыстың алдын алу — құқық қорғау органдары жұмысының жаңа бағыты

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жүзеге асырылып жатқан ауқымды құқықтық реформалар аясында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеруде. Бұл туралы ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, бүгінде жасалған қылмысқа ден қою жеткіліксіз. Негізгі міндет — қауіп-қатердің алдын алу, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғау.

Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Ол қылмыстың салдарымен күресуден оны ерте кезеңде анықтап, алдын алуға көшудің негізгі құралдарының бірі саналады.

Орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдап, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді. Сондай-ақ қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау үшін шетелдік контентке мониторинг жүргізіледі.

Бас Прокурордың мәліметінше, Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды қолдану арқылы азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталған. Бұл жерлерде полиция патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеген. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар саны азайған.

Есірткі қылмысына қарсы күрес те жалғасуда. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттаған.

Прокуратура мен полиция органдарының өзара іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталып, есірткіден түскен 2,6 млрд теңгеден астам кіріске тыйым салынған.

Сонымен қатар соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілді. Олардың саны 9%-ға төмендеген.

Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы нәтижесінде миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленген.

Бас Прокурор елордада прокуратураның бастамасымен «Қазақтелеком» базасында құрылған Антиколл-орталықтың жұмысын да мысалға келтірді. Орталық алаяқтардың 76 жастағы әйелге жасаған қоңырауын ол 21 млн теңгені беруге дайындалып жатқан сәтте тоқтатқан. Осылайша қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туған.

Бұдан бөлек, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталған.

«Осы сандардың артында нақты нәтиже — азаматтардың қорғалған өмірі, денсаулығы мен мүлкі тұр», — деп атап өтті Бас Прокурор.

Берік Асыловтың пікірінше, басты мақсат — қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу.

«Конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру дегеніміз — осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр», — деп жазды Бас Прокурор.