Білім 28 қаралымabaidan.kz

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Семей қаласында Отынбаевтар әулетінің ұстаздық саладағы жалпы еңбек өтілі 126 жылдан асады. Бұл отбасы үшін педагогика жай ғана мамандық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмір салты. Әулет мүшелері білім беру мен өнер саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді.

Отбасындағы ұстаздық дәстүрдің негізін қалағандардың бірі Гүлмира Отынбаева. Жарма ауданының Бөкей кентінде дүниеге келген ол бала кезінен қолөнерге қызығып, кейін осы бағытты кәсіби жолына арқау еткен. Бүгінде көркем еңбек пәнінен сабақ беретін ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі 42 жылға жеткен. Ол ұлттық қолөнерді дәріптеп, өнерге деген сүйіспеншілігін шәкірттеріне үйретіп келеді. Гүлмира Отынбаеваның айтуынша, өнер мен ұстаздық бір-бірімен тығыз байланысты. Отбасында да олардың күнделікті жұмысы мен шығармашылығы жиі талқыланады. Бірі тіккен бұйымын, бірі дайындаған өлеңін немесе шәкірттеріне үйреткен музыкалық туындысын ортаға салып, тәжірибелерімен бөліседі. Осылайша, олардың кәсіби өмірі отбасылық дәстүрмен сабақтасып кеткен.

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Гүлмира Отынбаеваның жұбайы Озат Отынбаев та 41 жыл бойы тарих пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз. Бүгінде еңбек демалысында. Ерлі-зайыпты 1984 жылы шаңырақ көтерген. Қазір бес баладан сегіз немере сүйіп отыр. Перзенттерінің барлығы білім беру немесе өнер саласын таңдаған. Әулет мүшелері ұзақ жылдар бойы шәкірттерін түрлі шығармашылық байқауларға дайындап, олардың өнерін шыңдауға атсалысып келеді.

Озат Отынбаевтың айтуынша, балалардың өнерге деген қызығушылығы отбасындағы ортадан қалыптасқан. Әулет мүшелерінің музыка мен шығармашылыққа жақын болуы кейінгі буынға да әсер еткен. Ата-анасы балаларына басқа мамандық таңдауға кеңес бергенімен, олар уақыт өте келе өнер саласына қайта оралған. Бүгінде отбасының бірнеше мүшесі музыка мен білім беру бағытында еңбек етіп жүр.

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Әулеттің кенжесі Ергелді Отынбаев биыл жоғары оқу орнын тәмамдап, ұстаздық жолын бастаған. Қазір Татар өнер мектебінде флейтадан сабақ береді. Жас маманның 14 шәкірті бар. Олар 6-14 жас аралығындағы оқушылар. Ергелді Отынбаевтың айтуынша, шәкірттері музыкаға ерекше қызығушылық танытады. Кейде сабаққа белгіленген уақыттан ерте келіп, ұстаздарын күтіп отырады. Жас маман үшін ата-анасының кәсібін жалғастыру үлкен жауапкершілікпен қатар, отбасы дәстүрін жалғастырудың мәртебесі.

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Отынбаевтар әулетінің басты ұстанымы  еңбекті бағалау, кейінгі буынға үлгі көрсету және білім мен өнерді ұрпаққа жеткізу. Осы еңбектің нәтижесінде ұстаздар әулеті «Еңбек жолы  2026» конкурсына қатысып, «Үздік еңбек әулеті» аталымын иеленді.

Отбасымен бірге еңбек етіп жүрген әріптестері де Отынбаевтар әулетінің ұстаздық жолын жоғары бағалайды. Тарих пәнінің мұғалімі Айжан Мұқышеваның айтуынша, бұл отбасы ұлттық құндылықтарды, соның ішінде қолөнер мен өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттап келе жатқан тәжірибелі әулеттердің бірі. Ол Озат Отынбаевпен әріптес болғанын және отбасының еңбекке деген жауапкершілігін жақсы білетінін атап өтті.

Семейде бір әулеттің ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

Отынбаевтар әулетінің 126 жылдан асатын ұстаздық еңбек жолы мамандыққа деген адалдықтың, еңбекқорлықтың және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Бүгінде әулет мүшелері білім мен өнерді қатар алып жүріп, өз тәжірибесін шәкірттеріне үйретуде. Осылайша, бір әулеттің қалыптасқан дәстүрі кейінгі буынға жалғасып, білім мен өнерді ұлықтаған сабақтастық өз жалғасын тауып келеді.