Абай облысында нашақорлықпен күресу бағытында жұмыстар атқарылуда
Нашақорлық -қазіргі қоғамға, ұлт болашағының өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін үлкен қару. 2024 жылдың 5 айында Абай облысы бойынша 96 есірткі фактісі тіркеліп, құқық бұзушылық анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тілек Тұрсынғалиұлы мәлімдеді.
- Облысымыз бойынша биыл 96 есірткі фактісі тіркелді. Оның ішінде 46-сы есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстар және 50-і теріс қылық. Ұзақ іздестіру жұмыстың арқасында біз ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтаттық. Осылайша Абай облысының аумағына синтетикалық есірткі жеткізудің 2 тұрақты арнасы жойылды, - деді Тілек Тұрсынғалиұлы.
Облыста есірткі қылмыстарын жасағаны үшін барлығы 23 адам ұсталған. Оның 18-і синтетикалық есірткі сатқаны үшін. Өкінішке орай, ұсталғандардың төртеуі-облыс орталығының жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері болған.
- Синтетикалық препараттардың таралуы біздің облыс үшін өзекті мәселе болып қала бермек. Заманауи технологиялардың дамуына байланысты есірткі тасымалы интернет желісі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бүкіл процессі байланыссыз болуда. 2023 жылы Үкіметтің қаулысымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру мақсатында облыс полиция департаменті жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты белсенді жүргізуде. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 200-ден астам кәсіби іс-шаралар өткізілді, - деп атап өтті полиция полковнигі.
Абай облысының білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың, құрамында никотин бар заттардың, құмар ойындардың алдын алу бойынша бекітілген жұмыс жоспарлары жүзеге асырылуда. 2024 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша наркологиялық диспансерде кәмелетке толмаған 5 бала есепте тұр , оның үшеуі Семей қаласының білім беру ұйымының студенттері және екеуі колледж студенттері.
- Білім беру ұйымдары Абай облысының полиция басқармасымен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізуде. «2024 жылғы маусым айында Абай облысында халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралардың бірлескен жоспары» жүргізілді.Сондай-ақ Жасөспірімдер арасында нашақорлық жағдайларының алдын алу мақсатында 1-2 курс студенттерімен «SENIMEN BOLASHAQ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Оған 6897 студент қамтылды, - деп қорытындылады Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова.
#Абай облысы, #есірткі, #есірткімен күрес