"Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке сот үкімі шықты

Бүгін, 27 қаңтарда Алматыда "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке сот үкімі шықты. Ол 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін ұсталған еді, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZ.NUR.KZ. сілтеме жасап.  Алматы қаласы сотының мәліметінше, Арман Жұмагелдиевке 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылған. Жұмагелдиев жазасын Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Естеріңізге сала кетсек, Арман Жұмагелдиевтің ұсталғаны 2022 жылғы қаңтарда белгілі болған еді. 11 қаңтарда оның екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Содан бері Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. 2023 жылғы қаңтарда Бас прокурор Берік Асылов Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде "Дикий Арманның" әрекеті қалай үйлестірілгенін және оған кім көмектескенін айтты. 2023 жылғы қыркүйекте Алматы мәслихаттың экс-депутаты Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке және басқа да тұлғаларға қатысты сот процесі басталды. 21 қыркүйекте қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Соттың баспасөз қызметі айыпталушылардың жалпы саны 45 адам екенін мәлім етті. "Оларға "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (ҚК 362-бабы), "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу" (ҚК 262-бап), "Қарақшылық шабуыл" (ҚК 191-бап), "Заңсыз бас бостандығынан айыру" (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), "Бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды", - делінген еді сот хабарламасында. Сондай- ақ сот отырысының жабық режимде өтетіні белгілі болды. 

Арман Жұмагелдиев. Фото: instagram.com/armandzhumageldiev 


#заң, #Алматы, #Қаңтар оқиғасы