Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты бес бап бойынша іс қозғалған

Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты бес бап бойынша іс қозғалған

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты депутаттардың сауалына жауап берді. Оның сөзінше, аталған дерекке қатысты бес бап бойынша іс қозғалған. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сілтеме жасап хабарлайды .

Фото: Gov.kz

Министр Талғар қаласында болған Шерзаттың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

“Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр. Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әртүрлі мәліметтердің көп таралуына байланысты министрлік белгіленген тәртіпте (Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сай) 15 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кейбір тергеу мәліметтерін жария етті. Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды”, – деді Ержан Саденов.

Министрдің мәліметінше, қазір қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынған.

“Тергеу жалғасып жатыр. Оның барысында оқиға болған жердегі басқа да адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Жалпы қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты. Ішкі істер органдары мемлекет басшысының еліміздегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын орындау аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кешенді шаралар атқарып жатыр”, – делінген министр жауабында. 
 


#заң, #ҚР ІІМ