Жер қойнауының заманауи картасын әзірлейтін мамандарды Семейде дайындайды
Президент Жолдауда жер қойнауының заманауи картасын әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұл жұмыстарды цифрлық құралдарды пайдалана отырып атқару, еліміздегі кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік бермек. Аталған тапсырманы орындайтын мамандар елімізде жеткілікті. Қазір аэрофотогеодезия саласы бойынша маман дайындайтын жалғыз оқу орны Семейде жұмыс істеп тұр. 80 жылдық тарихы бар іргелі білім ошағы дайындаған кадрлар елімізден бөлек алыс және жақын шет елдерде сұранысқа ие. Еліміздегі үздік оқу орны дрондар, ұшақтар және спутниктерден алынған деректер негізінде карталар, цифрлық рельеф модельдері және ортофотопландар әзірленетін кәсіп иелерін оқытады. Сондықтан Қазақстанның жер қойнауының заманауи картасын әзірлеуге отандық мамандар үлес қосуға дайын-дейді сарапшылар.
Президентіміздің айтқан сөзімен тікелей біздегі даярлайтын техник картограф біліктіліктерін байланыстыруға болады. Карталарды сандық түрінде жасай аламыз. Былайша айтқанда электронды нұсқасын. Соны жасап, қашықтан зондтау арқылы өңдеп шығаруға болады. Шет елдік азаматтарға, көрші елдерге сұраныстың қажеті жоқ. Себебі ол мамандарды біз өзімізден-ақ шығарып, сұранысты толықтай қамтасамсыз ете аламыз,-дейді Геодезия және картография колледжінің мұғалімі Жәнібек Тұрғазы.