Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Құрылтай 37 қаралымabaidan.kz

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Шәкәрім университетінде Құрылтай сайлауының қорытындыларын талқылауға арналған «Құрылтай: ғылыми ой, қоғамдық диалог, ұлттық мүдде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ғылыми-сараптамалық орта өкілдері бас қосқан пікірталас алаңында елдің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің мазмұны, сайлау нәтижелерінің қоғамдық маңызы, азаматтық белсенділік пен алдағы міндеттер кеңінен сөз болды. Дөңгелек үстелге Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, «Жан-Ер» көпсалалы клиникасының құрылтайшысы Съезбек Ахметов, Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы Қуаныш Молдақашев, заңгер Айгерім Жұмақанова, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, сарапшы Нәзигүл Газизова және жас ғалым, PhD, қауымдастырылған профессор Ілияс Жұмаділов қатысты.

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Басқосуды ашқан Думан Орынбеков қоғам өміріндегі маңызды өзгерістерге ғылыми-сараптамалық тұрғыдан баға беру, олардың себеп-салдарын саралау және елдің алдағы даму бағдарын пайымдау академиялық қауымдастықтың маңызды миссияларының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, университет тек білім мен ғылым беретін орта ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелер ашық талқыланатын, ғылыми ой мен қоғамдық пікір тоғысатын пікірталас алаңына айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауының нәтижелерін талқылау – саяси науқанға баға берумен шектелмей, оның қоғам дамуына ықпалын саралауға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық диалог алаңы.

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Съезбек Ахметов жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, қоғамдық мәселелерге өзіндік көзқарасы бар екенін атап өтті.Сондай-ақ азаматтардың саяси үдерістерге араласуы тек дауыс берумен шектелмей, қоғамдық мәселелерді талқылау, ұсыныс білдіру және шешім қабылдау үдерісіне қатысу мәдениетімен сабақтас екенін көрсетіндігіне тоқталды. 

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов еліміздің қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшуінің негізгі себептері мен жаңа өкілді органның ерекшеліктеріне тоқталды. Оның пікірінше, Құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі – қоғамның түрлі топтарының мүдделерін бір саяси алаңда тоғыстыру мүмкіндігі. Алайда жаңа модельдің тиімділігін тек заңдардың қаншалықты жылдам қабылдануымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңызды өлшем – қабылданатын заңдардың сапасы, жан-жақты негізделуі, өміршеңдігі және қоғамның нақты сұранысына жауап беруі.

Айрат Базенов бұрынғы қос палаталы модельде өкілдік пен заң шығару үдерісі екі деңгей арқылы жүзеге асса, жаңа Құрылтай осы процестерді біртұтас саяси алаңда шоғырландыруға бағытталғанын атап өтті. Айтуынша, бұл әртүрлі қоғамдық пікірлерді бір ортада талқылауға, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беруі тиіс.

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Сарапшы Нәзигүл Газизова жаңа мемлекеттік институттың қалыптасуының қоғамдық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, Құрылтай ел азаматтарының мүддесін білдіретін, халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын маңызды өкілді органға айналуы қажет. Сарапшы Құрылтайдың күн тәртібінде экономиканың жаңа бағыттарын дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім мен медицина сапасын арттыру сияқты мәселелер болуы керектігін айтты. Бұл мәселелердің барлығы қоғамның күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан Құрылтай жұмысының нәтижелілігі оның халықтың нақты сұранысын қаншалықты ескеретінімен және қабылданатын шешімдердің елдің стратегиялық даму басымдықтарымен қаншалықты үйлесетінімен өлшенбек.

Дөңгелек үстелде білім мен ғылымның дамуына да ерекше назар аударылды. Жас ғалым, PhD, қауымдастырылған профессор Ілияс Жұмаділов Мемлекет басшысының реформаларында білім, ғылым және жастар саясатына айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті. Ғалым соңғы жылдары студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы кезең-кезеңімен өсіп, ғылымды қаржыландыру көлемінің артқанын айтты. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған гранттар, ғылыми тағылымдамалар мен зерттеу жүргізуге бағытталған жаңа мүмкіндіктердің көбеюі отандық ғылымның әлеуетін арттыруға жол ашып отырғанын жеткізді.

«Бұл – білім мен ғылымды мемлекеттің шығыны емес, елдің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыратын саясаттың нақты көрінісі», – деді Ілияс Жұмаділов.

Жас ғалым Қазақстанда жетекші шетелдік университеттер филиалдарының ашылуын да білім беру саласындағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде бағалады. Оның пікірінше, шетелдік жоғары оқу орындарының келуі отандық білім кеңістігінде жаңа бәсекелестік қалыптастырып, университеттер алдына білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық стандарттарға сай болу міндетін қойып отыр. Бұл үдеріс әсіресе өңірлік жоғары оқу орындары үшін маңызды. Бәсекелестіктің артуы университеттердің білім беру сапасын жетілдіруіне, ғылыми зерттеулер аясын кеңейтуіне және халықаралық серіктестіктерді дамытуына серпін бере алады. Жиын барысында қатысушылар спикерлерге сауалдарын қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша ашық пікір алмасты. Пікірталас барысында уақыт белдеуін қалпына келтіру, әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету, су тапшылығы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарға берілетін жеңілдіктер сияқты қоғам үшін маңызды мәселелер көтерілді.

Құрылтай: халық үні, қоғам талабы, ұлттық мүдде

Бұл сауалдардың әрқайсысы азаматтардың күнделікті өмірімен және өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты. Сондықтан мұндай мәселелердің ашық алаңда талқылануы қоғамдық диалогтың маңызын арттыра түседі.

Дөңгелек үстел қорытындысы Құрылтай сайлауының аяқталған саяси науқан ғана емес, ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын жауапкершілік сәті екенін аңғартты. Ендігі міндет – сайлау нәтижесін қорытындылаумен шектелмей, қоғамның үміті мен сұранысын нақты шешімдерге айналдыру. Бұл үдерісте ғылыми қауымдастықтың сараптамалық пікірі, жастардың азаматтық белсенділігі және мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызы арта бермек. Ал «Құрылтай: ғылыми ой, қоғамдық диалог, ұлттық мүдде» атты пікірталас осы бағыттағы қоғамдық ойды қалыптастыратын маңызды алаңдардың бірі болды.