Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Мәдениет 41 қаралымabaidan.kz

Ақсуат-Тарбағатай: археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелері

Ақсуат-Тарбағатай: археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелері

Семейде 2026 жылы Ақсуат-Тарбағатай өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің қорытындысы таныстырылды

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ақсуат-Тарбағатай өңірінде 2026 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысына арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шара барысында экспедицияның далалық маусымда атқарған жұмыстары сараланып, зерттеу нәтижелері мен табылған құнды археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Археологиялық зерттеу жұмыстары 15 маусым мен 15 тамыз аралығында Абай облысындағы археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Экспедицияның басты мақсаты – Ақсуат-Тарбағатай өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді кешенді зерттеп, олардың мәдени-хронологиялық ерекшеліктерін нақтылау, сондай-ақ өңірдің археологиялық мұрасын одан әрі ғылыми тұрғыдан зерделеу мен сақтау үшін қажетті материалдар жинау.

Ақсуат-Тарбағатай: археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелері

Биылғы далалық маусым барысында үш қорым аумағында – Қырықошақ, Қырықбай және Қобықтың жазығы қорымдарында археологиялық жұмыстар жүргізіліп, жалпы төрт қорғанға қазба жасалды. Зерттеу нәтижесінде ежелгі дәуірге қатысты бірқатар археологиялық материалдар табылып, олар өңірдің көне тарихын зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөздер ретінде ғылыми айналымға енгізілмек.

Кездесуді Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан ашып, археологиялық зерттеулердің жаңа құрылған Абай облысы үшін маңызына тоқталды. Ол өңірдің тарихи-мәдени мұрасын терең зерттеу қажеттігін айтып, археология саласындағы ғылыми жұмыстарға басқарма тарапынан алдағы уақытта да қолдау көрсетілетінін жеткізді. Экспедиция жұмыстарының нәтижесін археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев таныстырды. Ғалым өз баяндамасында биыл зерттелген археологиялық нысандардың ерекшеліктеріне, қазба барысында алынған материалдарға және олардың Тарбағатай өңірінің ежелгі тарихын зерттеудегі ғылыми маңызына тоқталды. Сонымен қатар Шәкәрім университетінің профессорлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Мұхтарбек Кәрімов мен Амантай Исин экспедиция барысында атқарылған зерттеу жұмыстарына жоғары бағалап, археологиялық ізденістердің өңір тарихын жаңаша пайымдаудағы рөліне назар аударды.

Кездесуге қатысушылар археологиялық жәдігерлерді тамашалап, көне дәуірден жеткен құндылықтардың тарихы мен ерекшелігіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жәдігерлердің әрқайсысы Тарбағатай өңірінде жүргізіліп келе жатқан көпжылдық археологиялық зерттеулердің жалғасы ретінде ерекше маңызға ие.

Ақсуат-Тарбағатай аумағы – тарихи-археологиялық мұрасы мол, ежелгі мәдениеттердің іздері сақталған маңызды өңірлердің бірі. Сондықтан мұндағы жүйелі археологиялық зерттеулер өткеннің көмескі беттерін ашып қана қоймай, Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын анықтау, ғылыми тұрғыдан зерделеу және келер ұрпаққа аманат ету ісіне зор үлес қосады,-деді Абай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай.

Ақсуат-Тарбағатай: археологиялық зерттеулердің жаңа нәтижелері

2026 жылғы экспедиция нәтижелері де осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айқындап отыр. Алдағы уақытта табылған материалдарды жан-жақты зерттеу, ғылыми сараптамадан өткізу және олардың негізінде өңірдің көне тарихына қатысты жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу жоспарлануда.

Тарбағатай төріндегі археологиялық қазба жұмыстары – өткен мен бүгінді жалғаған маңызды ғылыми ізденіс. Ал одан табылған әрбір жәдігер – халқымыздың бай тарихын танытатын баға жетпес мұра.