Қазақстанның жаңа саяси жүйесі аясында өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы шетелдік сарапшылардың назарын аударуда. Қырғыз саясаттанушысы Шерадил Бақтығұловтың пікірінше, бұл сайлау соңғы жылдары жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалардың қорытынды кезеңі болмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Фото: reporter.kg
Биылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның заң шығарушы билігі қызметіндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Азаматтар алдағы бес жыл бойы заңдар қабылдап, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысатын жаңа бір палаталы өкілді органның құрамын қалыптастырады.
Шерадил Бақтығұлов жиырма жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелерімен, сондай-ақ даму саясаты мен халықаралық ынтымақтастық саласындағы үдерістерді зерттеумен айналысып келеді. Оның бағалауынша, Қазақстан соңғы жылдары бірқатар терең саяси реформаларды жүзеге асырды, ал олардың түйінді кезеңі алдағы сайлау болмақ.
— Соңғы жылдары Қазақстан терең саяси реформаларды қолға алды. Ал осы өзгерістердің түйінді кезеңі 2026 жылғы 23 тамызда өтетін парламент сайлауы болады. Бұл сайлаудың тарихи маңызы зор, өйткені ол мүлде жаңа саяси жүйе аясында өтетін алғашқы сайлау, — деді Шерадил Бақтығұлов.
Сарапшының пікірінше, бұл тек депутаттар құрамының ауысуы ғана емес, елді басқару моделінің түбегейлі жаңаруы. Бір палаталы жүйе жағдайында Құрылтай депутаттары елдегі барлық заңдарды қабылдау үшін ортақ әрі шоғырланған жауапкершілікке ие болады.
— Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Себебі ол депутаттар құрамының жай ғана жаңаруын емес, елді басқару моделінің түбегейлі қайта қаралуын білдіреді. Бұл сайлау билік құрылымын өзгертеді. Сонымен қатар, бір палаталы жүйе жағдайында Құрылтай депутаттары елдің барлық заңдарын қабылдау бойынша шоғырланған жауапкершілікке ие болады, — деп атап өтті ол.
Шерадил Бақтығұлов 2026 жылғы парламент сайлауының қорытындылары Қазақстанның саяси жүйесінің болашағы үшін шешуші мәнге ие болатынын айтты.
— Осылайша, 2026 жылғы парламент сайлауының маңызы өте зор. Саяси жүйеге енгізілген түбегейлі өзгерістерден кейін бұл сайлаудың нәтижелері Қазақстандағы билік құрылымының жаңа конфигурациясын және жаңа конституциялық жүйе аясындағы саяси күштердің арақатынасын тікелей айқындайды, — деп түйіндеді сарапшы.
Осылайша, қырғыз саясаттанушысы алдағы сайлауды кезекті электоралдық науқан ретінде ғана емес, Қазақстанның саяси трансформациясындағы және мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын аса маңызды кезең ретінде бағалайды.





