Астанада Абай облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті
Астанада Абай облысының тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жәрмеңкеге Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Ақсуат, Үржар және Жаңасемей ауданының тауар өндірушілері қатысты. Шаруалар жәрмеңкеге 230 тоннадан астам өнімдерді нарық бағасынан төмен бағамен әкелді.
Жәрмеңке сөресіне ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық, бақша өнімдері, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер қойылды.
Жәрмеңкені облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев аралап, өнімін саудалаушы шаруа және сатып алушылармен тілдесті. Кәсіпкерлер аймақ басшысына өнімдерін астаналық тұтынушыларға делдалсыз саудалауға мүмкіндік жасағаны, ал жәрмеңкеге келушілер таза, табиғи өнім үшін ризашылықтарын жеткізді.
Өңіріміздің ауылшаруашылық өнімдері үлкен сұранысқа ие және сапасы жоғары. Өндірушілер ассортиментінде ет және сүт өнімдерінің, кондитерлік өнімдердің, балдың және ұлттық тағамдардың 20-дан астам түрі бар.
Жәрмеңке барысында елорда тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалай алды. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жалғасты. Жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, 1-Қарқаралы тас жолы бойында өтті.
#Абай облысы, #Ауылшаруашылық, #Астана, #жәрмеңке