Білім 44 қаралымabaidan.kz

Абай облысының студенттері WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатында жеңімпаз атанды

Абай облысының студенттері WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатында жеңімпаз атанды

Шанхай қаласында жұмысшы мамандықтар бойынша өткен WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық 48-ші әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы ел қоржынына 1 қола медаль және 6 Medallion for Excellence кәсіби шеберлік медалін салды.

Ұлттық құрама иеленген жалғыз қола медальді Семей қаласындағы Электротехникалық колледждің студенті Руслан Нестеренко жеңіп алды. Ол жоғары технологиялық «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» (Unmanned Aerial Systems) құзыреттілігі бойынша бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінді.

Жарыс барысында жас мамандар дрондарды құрастыру, ұшу контроллерлерін бағдарламалау, сенсорларды баптау, сондай-ақ симуляторлар мен арнайы полигондарда жоғары дәлдікпен пилоттау секілді күрделі тапсырмаларды орындады.

Руслан Нестеренконың бұл жеңісі – оның кәсіби шеберлігінің ғана емес, Абай облысында техникалық және кәсіптік білім берудің сапалы жолға қойылғанының айқын дәлелі.

Сонымен қатар, Абай облысының тағы бір жас маманы чемпионатта ерекше жетістікке жетті. Семей қаржы-экономикалық жоғары колледжінің студенті Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең жоғары ұпай жинап, халықаралық дәрежедегі беделді «Үздік маман» (Best of Nation) арнайы марапатына ие болды.

Биыл Қазақстан намысын әлем чемпионатында 31 құзыреттілік бойынша 33 жас маман қорғады.

Абай облысының жас мамандарын жеңістерімен құттықтаймыз!
Еңбек пен білімді, табандылық пен шеберлікті ұштастырған жастарымыздың алар асуы биік болсын!