Экономика 34 қаралымabaidan.kz

Курчатов конденсациялық электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Курчатов конденсациялық электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «ГРЭС Курчатов» ЖШС өкілдерімен кездесті. Жиында Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы және оны іске қосуға қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Курчатов конденсациялық электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

«ГРЭС Курчатов» ЖШС-нің құрылтайшысы Темірлан Өтегенов аймақ басшысына жобаның қазіргі жағдайын таныстырып, атқарылған дайындық жұмыстары мен шешуді қажет ететін мәселелерге тоқталды. Кездесуде станцияны инженерлік желілерге қосу мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, электр станциясына дейін су құбырын тарту, «Курчатов – Айдарлы» бағытында кернеуі 500 кВ, ұзындығы 460 шақырым болатын электр желісін салу және осы нысандарға қажетті жер телімдерін рәсімдеу мәселелері қаралды. 

Курчатов конденсациялық электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәли бұл жобаның өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуды басты басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Осы жағдайда жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу – уақыт талабы. Жаңа конденсациялық электр станциясының салынуы өңірдің энергиямен қамтамасыз етілу сенімділігін арттырып қана қоймай, бұл жоба Курчатов қаласының одан әрі индустриялық дамуына тың серпін береді. Инвесторларға облыс әкімдігі тарапынан қажетті қолдаудың барлығын көрсетеміз», – деді Берік Уәли.


Жиын қорытындысында аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарына, тиісті облыстық басқармалар мен Курчатов қаласының әкіміне инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында туындаған мәселелерді жан-жақты пысықтап, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өндіріске қажетті қосымша жер телімдерін рәсімдеу бойынша инвесторлармен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, биыл жазда Курчатов қаласында қуаты 700 Мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының (КЭС) құрылысы басталған болатын.  «Курчатов» КЭС жобасы – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған ірі стратегиялық бастама. Жобаны іске асыру мерзімі 2026-2032 жылдарға жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі – 881 миллиард теңге. Станция толық пайдалануға берілгеннен кейін жылына 5 миллиард кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді.

Курчатов конденсациялық электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Құрылыс кезеңінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станция іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Курчатов қаласы мен жалпы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.