Курчатов қаласы 32 қаралымabaidan.kz

Курчатов: экономика өсімі, жаңа инвестициялар және инфрақұрылымдық жобалар

Курчатов: экономика өсімі, жаңа инвестициялар және инфрақұрылымдық жобалар

Курчатов қаласында 2026 жылдың тоғыз айында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша оң динамика сақталды. Өнеркәсіп өндірісі, сауда айналымы мен құрылыс көлемі артқан. Сонымен қатар тұрғын үй қорын қалпына келтіру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.

Бұл туралы қала әкімі Болат Әбдірәлиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Есепті кезеңде қала бюджетінің кірісі 1,6 млрд теңгені құрап, жоспар 116,8 пайызға орындалды. Өңдеу өнеркәсібінде 671,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 151,8 пайызға жетті. Бөлшек сауда айналымы 11,2 млрд теңгені, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі әзірге 1,8 млрд теңгені құрап отыр. Дегенмен, жыл соңына дейін ірі инвестициялық жобалар есебінен бұл көрсеткішті арттыру көзделген.

«Алдын ала болжамға сәйкес, жылдың соңына дейін жоспарланған ірі инвестициялық жобалар көлемі кемінде 9,8 млрд теңгені құрайды деп күтілуде», – деді қала әкімі.

Қалада қараусыз қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Биыл Школьная көшесі, 2 мекенжайындағы үйден кезекте тұрған азаматтарға 36 пәтер берілді. Абай көшесі, 35 мекенжайындағы үйден 53 пәтер сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жылдың басында жалпы 118 пәтерлі екі үйді аяқтау жоспарланған.

Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 427 азамат тіркелген.

Қаланың болашақ дамуына серпін беретін үш стратегиялық бағыт белгіленген. Оның бірі – қуаттылығы 700 МВт конденсациялық электр станциясының құрылысы. Биыл шілдеде облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен құрылыс басталып, естелік капсула салынды.

Екінші жоба – көмірді терең өңдеу арқылы карбамид өндіретін көмір-химия кешенін салу. Қазіргі уақытта жер учаскесі бөлініп, жоба алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Үшінші бағыт – Курчатовта ғылыми қалашық құру. Бұл бастама 2027–2031 жылдарға арналған жоспарға енгізілген.

«Бұл мәртебеге ие болу Курчатов қаласының ғылыми әлеуетін арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға, сондай-ақ жастар, ғылыми қоғамдастық және бизнес өкілдері үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады», – деп атап өтті Болат Әбірәлиев.

Биыл қалада заманауи Жастар орталығы ашылды. Сонымен қатар Дегелең теміржол вокзалы толық жаңартылып, ғимарат аумағы 85 шаршы метрден 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Қаладағы сегіз көпқабатты үйдің қасбеті боялып, келесі жылы тағы 11 үйді жаңарту жоспарланып отыр. Бұрынғы «Октябрь» әмбебап дүкенінің ғимаратында мейрамхана, ойын-сауық және сауда нысандарын ашу көзделген. Ал «Әскери қалашық» аумағында ескі ғимараттардың орнына таунхаус үлгісіндегі тұрғын үй кешенін салу жобасы қарастырылуда.

Жолдар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында қалада сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары тұрақты өткізіледі. Биыл тұрмыстық қалдықтарға арналған 10 алаңша жаңартылып, бес қоғамдық кеңістікке автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды.

Соңғы үш жылда қала көшелері, тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберіс жолдары жөндеуден өтті. Негізгі көшелерге асфальттың екінші қабатын төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қала әкімі сөз соңында барлық жобалардың түпкі мақсаты тұрғындардың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – осы жобалар мен өзгерістердің нәтижесі тек экономикалық көрсеткіштерден ғана көрініс таппай, қала тұрғындарының күнделікті өміріне нақты әсер етуі. Яғни, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, заманауи инфрақұрылым, сапалы қызмет көрсету және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру», – деп түйіндеді Болат Әбірәлиев.

Курчатовта осылайша күнделікті әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, қаланың ұзақ мерзімді экономикалық, өндірістік және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.