Білім 35 қаралымabaidan.kz

Адал азамат» – тәрбиенің жаңашыл бағыты

Адал азамат» – тәрбиенің жаңашыл бағыты

Абай облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Семейдегі «Ес-аймақ» мәдени орталығында «Адал азамат – Әділетті қоғамның негізі; отбасы, мектеп және қоғамның өзара ықпалдастығы» атты форум өтті. Ауқымдағы маңызды шараға мектеп, колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасаралары,  ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік орган өкілдері, ата-аналар қауымдастығының басшылары тағы да басқа тиісті сала мамандары қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты ұрпақ тәрбиесін нығайтып, сапалы білім беруді дамыту жайында болғандықтан, осы бағытта түрлі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу, кәмелет жасына толмаған балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мүмкіндіктерін жетілдіру, мектеп ұстаздары тарапынан ата-аналармен жұмыстың тиімді формаларын қарастыру сияқты маңызды міндеттемелерге назар аударылды.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта еліміздің болашағы үшін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударып отырғаны белгілі. «Адал азамат» тұжырымдамасы жас ұрпақтың бойында отаншылдық, адамгершілік, білімге құштарлық, еңбекқорлықпен қатар ел мен жерге жанашырлық сияқты құндылықтарды сіңіретіні даусыз.

Осы орайда, Абай облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарында балаларды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Оның негізі «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтарымен тығыз байланысты.

«Адал азамат» бағдарламасы аясында балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге, заң мен тәртіпті құрметтеуге, өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар балалар арасында буллингтің, зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтардың және басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Басқарманың  негізгі бағыттарының бірі»- дейді Абай облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Эльвира Баяндина.

Форум барысында сөз алған облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директоры Айнұр Исабаеваның айтуынша, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі түрде барлық білім беру мекемелерінде жүйелі түрде жолға қойылған.

-Облысымыздың әр білім беру мекемесінде ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы: «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік және жауапкершілік»,     «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» сынды тәрбие құндылықтары арқылы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты жүзеге асыру тетіктері нақтыланды. Облысымызда осы бағдарламаны іске асырудағы  бір ерекшелік ол - әлеуметтік серіктестікке басымдық беру барысында облыстық Абай атындағы драма театрымен және «Дариға-ай», «Ес-аймақ» жастар театры ұлттық мәдениет, құндылықтар мен дәстүрлердің сабақтастығын жас ұрпақ және ата-аналар театр қойылымдары арқылы түсініп, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеу, ұлттық мұраны қастерлеу құндылықтарын игеруде. Бағдарлама мазмұнына сәйкес облысымыздың   білім   беру   мекемелерінде     6 әлеуметтік жобамен «Қамқор», «Шабыт», «Еңбегі адал жас өрен», «Smart bala»,  «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы»  бағытты жұмысы 112000-нан астам жуық білім  алушы  қамтылған,-дейді А. Исабаева.

«Адал азамат» қағидаттары балалардың бойында тек білім беру ұйымдарында ғана емес, күнделікті өмірде де қалыптасуы маңызды. Осыған байланысты ата-аналармен, педагогтермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, бала тәрбиесіне қатысты ортақ жауапкершілікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ – елдің берік болашағы. Сондықтан әр баланың қауіпсіз, қолайлы ортада тәрбиеленіп, өз мүмкіндігін толық іске асыруына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет.  Қорыта айтқанда, «Адал азамат» қағидаты негізінде ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды, азаматтық жауапкершілікті, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған кешенді тәрбие жүйесіне қоғам болып ат салысқанымыз абзал.

Адал азамат» – тәрбиенің жаңашыл бағыты