Республикалық кадрлық резервке өткен Абай облысының 15 мұғаліміне сертификат табысталды
«Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеуден сәтті өткен үміткерлерге сертификат тапсыру рәсімі өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағытты айқындады. Олардың ішінде менеджментті нығайту және кадрлық резервті қалыптастыру да бар. Сегіз айдың ішінде мұғалімдер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттерін дамытты.
Жобаның бастапқы кезеңінде еліміз бойынша барлығы 8068 өтінім берілді. Абай облысынан оқудың барлық кезеңінен өткен 15 мұғалімге сертификат табысталды.
Үміткерлер құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтті. Резервке алынған жаңа буын менеджерлері еліміздегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді.
Сондай-ақ, жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан мектептерді басқаруға жіберіледі.
Айта кетейік, Абай облысында 2023 жылғы 29 мамырға дейін «Кадр резерві» үміткерлерінің деректерін жинау жүргізілді. Критерийлер бойынша облыстан 179 адам алдын ала іріктеуден өтті. 15 үміткер оқудың барлық кезеңінен өтті.
#Абай облысы, #Білім, #мұғалім