Семейде «Қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» атты форум өтті

Семейде «Қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» атты форум өтті

Облыстық «Қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» атты форум ұстаздарды, құқық қорғаушыларды, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдерін, сондай-ақ мектеп оқушыларын бір алаңға тоғыстырды. Жиын барысында балалар мен жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыру және өсіп келе жатқан ұрпақтың қауіпсіздігі мәселелері қаралды. Шараның негізгі мақсаты – бала құқықтарын қорғау саласындағы өзекті проблемаларды талқылау, құқықтық мәдениетті ерте жастан орнықтыру және ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту.

Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова форумның басты міндеті – ересектер мен балалар арасында ашық әрі мазмұнды диалог орнатуға жол ашу екенін атап өтті. Оның айтуынша, оқушыларға өз пікірін ашық білдіруге, көкейіндегі мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік беру аса маңызды.

– Бүгінгі таңда біз тек баяндамаларды тыңдап қоймай, ашық пікір алмасуға негізделген алаң қалыптастыруымыз қажет. Әр қатысушы өз ойын білдіріп, нақты ұсыныстарымен бөлісуі тиіс. Бұл – жай ғана рәсімдік жиын емес. Біз сіздердің кәсіби тәжірибелеріңізге сенеміз, нақты проблемалардың қай тұста екенін, оларды шешудің жолдарын, алдын алу іс-шараларын айқындауды көздеп отырмыз. Осындай мазмұнды пікірталастардың нәтижесінде балалар құқығына нұқсан келтіруі мүмкін тиімсіз тәсілдерден бас тартуға мүмкіндік туады. Біз балалармен тең дәрежеде сөйлесіп, олардың тілінде сөйлеуге ұмтыламыз, – деді Әсем Нүскенова.

Alikhan Bokeikhanov University тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Айрат Базенов қазіргі мектеп оқушылары тап болатын әлеуметтік мәселелерге тоқталып, әсіресе физикалық және психикалық денсаулыққа ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

– Мұның негізгі себептері – қозғалыс белсенділігінің төмендігі, гиподинамия, гаджеттерге тәуелділік пен фастфудқа әуестік. Жас ұрпақтың денсаулығы – елдің болашағы. Сонымен қатар, елімізде әр бесінші бала кибербуллингке кем дегенде бір рет ұшыраған. Бұдан бөлек, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында суицид мәселесі де өзекті күйде қалып отыр. Мұндай мәселелердің алдын алуда ата-аналар мен құрдастардың рөлі аса маңызды, – деді Айрат Базенов.

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Жадыра Мұратбекова ақпараттық-ағартушылық жұмыстың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Білім басқармасымен бірлесе отырып, балаларды жағымсыз ықпалдардан қорғау және оң бастамаларды дәріптеу бағытында кешенді шаралар қолға алынуда.

– Өңірлік коммуникациялар қызметі Білім басқармасымен бірлесіп, тұрақты түрде брифингтер мен баспасөз турларын ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері 50-ден астам осындай іс-шара өтті. Сонымен қатар, буллинг пен нашақорлықтың алдын алу мақсатында полициямен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, дарынды балаларды анықтауға бағытталған «DaraLike» жобасы аясында да кең көлемді жұмыс атқарылуда, – деді Жадыра Мұратбекова.

Форум аясында өткен панельдік сессиялар мен пікірталастарда спикерлер өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Құқық қорғау органдарының өкілдері, психологтар мен педагогтар өзара пікір алмасып, статистикалық деректер мен нақты мысалдарды талдап, қолданыстағы қолдау тетіктерінің тиімділігін саралады. Форум барысында оқушылардың сөз сөйлеуі де ерекше назар аудартты. Олар күнделікті өмірде кездесетін түйткілдер, қарым-қатынастағы қиындықтар, психологиялық қысым, киберқауіптер және ересектер тарапынан күтетін қолдау жөнінде өз көзқарастарын ашық білдірді. Жас буынның шынайы пікірлері форум мазмұнын тереңдете түсті. «Қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» атты форум ұрпақтар арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Жиын қорытындылары аймақ көлемінде жүзеге асырылатын жаңа ағартушылық бағдарламалар мен іс-шараларды жоспарлау барысында ескерілетін болады.


#Семей, #форум, #Әлихан Бөкейхан