Жол-құрылыс саласында маман тапшы
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Абай облыстық филиалының мамандары Семей қаласында жол мамандығында оқитын білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтулеріне жағдай жасауда. Бұл туралы "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Абай облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz хабарлайды. Студенттер жол белгілерін жасайтын цехта облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдарға қойылатын жол белгілерін жасауда. Өндірістік тәжірибеден өтушілер алдағы бір айда жол белгісін жасаудың қыр-сырын меңгереді. Алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруға таптырмас мүмкіндік алып отыр.
Мұнда жұмыс жыл бойы жүргізіледі. Осы уақыт ішінде мың жарымға жуық жол белгісін жаңартады. Тәжірибелі мамандар жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес. Өйткені маман тапшы. Жол белгілерін жасау цехының аға шебері Мейрамхан Жақыпбековтың айтуынша,
-Машақаты көп мамандыққа жастар жағы жолай бермейді. Келешекте жастар керек. Қазір темір кесуді, июді, жол белгілердің шетіне пленка жабыстыруды, ауа қалып қалмас үшін жапсыру тәсілдерін үйреніп жатыр.
Жалпы, еліміздің жол-құрылыс саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алайда маман тапшылығы бар. Су көлігі, әуе, теміржол, жол саласына 10 мыңнан астам білікті маман қажет. Биыл жол мамандығына еліміздегі жоғары оқу орындарына мың грант бөлініп отыр.
#Абай облысы, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы", #маман