Мақаншы ауданында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы аудандық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, медициналық мекеменің жаңарған тыныс-тіршілігін көрді.

Мақаншы ауылындағы орталық аурухана 1974 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Уақыт өте келе нысанның инженерлік жүйелері мен ішкі инфрақұрылымы жаңартуды қажет етті. Осыған байланысты 2025 жылдың қыркүйек айында аурухананы толық жаңғырту жұмыстары басталған болатын.
Көлемді жоба аясында ғимараттың инженерлік желілері толық ауыстырылып, ішкі бөлмелер жөнделуде. Зертханалар мен емшара кабинеттері заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, медициналық көмек алуға келетін азаматтарға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылуда.

Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда бірінші және екінші қабаттардың бір бөлігінде, сондай-ақ сантехникалық жүйелер бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бірінші, екінші және үшінші қабаттарда қабырғаларды сырлау, линолеум төсеу, дәліздерге аспалы төбе орнату жұмыстары да жүргізілуде.
Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру басты міндет екенін атап өтті.

«Осыдан бір жыл бұрын келіп, осы аурухана ғимаратын көріп, қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Өйткені, Мақаншы шекаралық аймақта орналасқан жаңадан құрылған аудан, келетін туристер көп. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған екен. Құрылыс барысын, бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқанын көру үшін арнайы келдім. Былтыр келгенде ғимарат тозып тұр еді. Қазіргі келбеті көз тартады. Жылу жүйелері толық ауыстырылды. Медициналық нысан жаңарып, жаңғырып, екінші тынысы ашылды деуге болады. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Дегенмен, мердігер ұйым анықталған кемшіліктерді толық жоюы қажет. Жұмыстың сапалы әрі талапқа сай орындалуын тұрақты бақылауда ұстаймыз», – деді Берік Уәли.

Мақаншы аудандық орталық ауруханасы шекаралық аймақта орналасуына байланысты ерекше жүктемемен жұмыс істейді. Медициналық мекеме стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық деңгейде білікті әрі мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Мұнда бүгінде 537 қызметкер еңбек етеді.

Аурухананың қызмет көрсететін аумағының ұзындығы 280 шақырымды құрайды. Мекеме 16 шекара заставасына, 3 комендатураға, Үржар ауданы бойынша шекара басқармасына, 31767-Ж әскери бөліміне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Жалаңашкөл көмір разрезінің жұмысшылары, халықаралық тас жолмен қатынайтын жүк тасымалдаушылар, Бақты ауылындағы кеден қызметкерлері де осы медициналық мекеменің қызметін пайдаланады. Жазғы туристік маусым кезінде ауруханаға түсетін жүктеме одан әрі арта түседі. Себебі Алакөл жағалауына жыл сайын миллионнан астам демалушы келеді.

Мекеме құрамында тәулік бойы жұмыс істейтін 100 орындық стационар, 80 орындық күндізгі стационар және ауысымына 125 адам қабылдайтын емхана бар. Мұнда терапия, хирургия, балалар, босандыру, жүкті әйелдер патологиясы, гинекология, оңалту және инфекциялық бөлімдер жұмыс істейді. Қабанбай ауылында күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория да халыққа қызмет көрсетеді.
Мақаншыдағы медициналық инфрақұрылымның жаңаруы бір ғана ауруханамен шектелмейді. Бұдан сегіз ай бұрын ауылдағы 27 жыл бойы құрылысы аяқталмай тұрған ғимарат «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында жаңғыртылып, дәрігерлік амбулатория ретінде пайдалануға берілді.

Үш қабатты жаңа ғимаратта 15 орындық күндізгі стационар, ауысымына 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, зертханалық диагностика, әйелдер консультациясы, хирургия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар емшара бөлмесі, тіркеу бөлімі, күту аймақтары және басқа да қажетті кабинеттер қарастырылған. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Бұл жұмыстар Мақаншыдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, шекаралық аудан тұрғындары мен мұнда келетін қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әсіресе туристік маусым кезінде медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын күшейтудің маңызы зор.

Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. 2024–2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында екі дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт және үш медициналық пункт салу жоспарланған. Сонымен қатар үш қабатты ғимаратты күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулатория ретінде қайта жаңғырту көзделген.

Мақаншы аудандық орталық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Жаңарған инженерлік жүйелер, заманауи кабинеттер мен қолжетімді орта дәрігерлердің тиімді жұмыс істеуіне, ал тұрғындардың жайлы жағдайда медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Шекаралық әрі туристік маңызы жоғары аумақта орналасқан Мақаншы үшін бұл – денсаулық сақтау саласының ғана емес, жалпы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жасалған маңызды қадам.





