Шығыс Қазақстанда 127 мыңға жуық адам әлі МӘМС жүйесіне тіркелмеген
Шығыс Қазақстан облысында 127 мыңға жуық адам әлі күнге дейін МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі медициналық ұйымдар жұмысынан анықталған кемшіліктер аз емес. Мәселен, олар пациенттерге көрсетілмеген 130 медициналық қызметті көрсетілді деп жалған көрсеткен.
«Ақ халаттылардың медициналық қызметтің көлемін негізсіз асыра бағалауына жол бермес үшін үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша биыл 14 939 ақау анықталды. Асыра бағаланған сома – 35 млн теңгеден асады», - дейді филиал директоры Нұрлан Қідірбаев.
Оның айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – халықтың біраз бөлігінің МӘМС жүйесінде әлі сақтандырылмауы. Қазіргі таңда облыс бойынша осындай 127 мыңға жуық адам бар.
«Тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. МӘМС жүйесінде жыл сайын медициналық қызмет көрсету көлемі кеңейіп келе жатыр. Біз үшін пациент пен оның қажеттіліктері басты орында», - дейді Н.Кідірбаев.