Имам микрофон лақтырып, Құран оқудан бас тартты

Имам микрофон лақтырып, Құран оқудан бас тартты

Күтпеген келеңсіз жайт Семей қаласындағы мейрамханалардың бірінде болды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.  Төлеубек қажы мешітінің имамы Мұрат Ж.  фәниден бақиға аттанған адамды жерлеп келіп, Құран оқитын сәтте шу шығарды. 350-ден астам адам отырған жерде дауысын көтеріп, мейрамхана әкімгерін шақыртты. Жаңа ғана қимастарының денесін қара жерге тапсырып келген басы қаралы, жүрегі жаралы жандар не болғанын түсінбей дал болды. Әкімгер келе қоймаған соң, дастарханға неге конфет қоясыңдар?-деп айқайлады. Қолындағы микрофонды үстелге лақтырып, конфетті алып тастаңдар ,болмаса Құран оқымаймын кетемін өздерің оқып алыңдар!-деген сөзі көпшілікті әуре-сарсаңға салды. Қара жамылып отырған жұрт, көз жастарын сүртіп жапа-тармағай үстелдегі конфетті алып тастады. Өзара күңкілдесіп, имамның әрекетін талқыға салып жатты. Үстелге отырмас бұрын, тіпті отырған кезде де конфеттің тұрғанын көрді ғой, сол кезде жанындағы адамдарға жай ғана ескертіп айтса болар ма еді? Әлде өзінің үстемдігін көрсеткісі келді ме? Қалай дегенмен де имамның бұл әрекеті көпшілікке  оңай тимеді.  ҚМДБ бұндай әрекетке көз жұма қарай ма? Әлде имамға қандай да бір шара қолдана ма? Асқа арналған дастархан мәзіріне халықтың үйренуі үшін уақыт керектігін де ескерген жөн болар.  Бұлай бола берсе, дін адамдарына деген құрмет пен сенімге селкеу түсері сөзсіз. 

Соңынан белгілі болғандай, тағамдар мәзірін ұсынғанда мейрамханаға жаңадан жұмысқа тұрған әкімгер бұрынғысын беріп қойған көрінеді. 


#Семей, #Абай облысы, #дін, #Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы